Кеңестік заманда алыстағы ауданның бірінің мал отарларын аралап жүрген журналист пен совхоз директоры қоналқаға бір шопанның үйіне түсе қалады.
Дастархан басында жиналғандар «Осы біз кімбіз?» деген сұраққа жауап іздейді.
Әңгіме барысында совхоз директоры тек-пектің қажетін түсінбейтіндігін, «Шырағым, қай туған боласың», – деп сұрайтын жаман шалдарды «Бірегей бір халықты етпексіз бе құрама? Сіз аға да, мен іні, руымды сұрама!» – деп тыйып тастайтынын айтады.
Сонда әңгімеге араласпай, тек тыңдап қана отырған ақсақалды қарт шопан директордың сөзіне қарсылық білдіреді.
– Жоқ, шырағым. Дұрыс емес, жөн сұраудың еш айыбы жоқ. Ол атадан қалған мирас. Ру сұрағанның бәрі рушыл, жер сұрағанның бәрі жершіл емес. Тегін білмеу – тексіздік. Ал тексіздің қарабастың қамынан басқа уайымы жоқ. «Жеті атасын білген ұл жеті жұрттың қамын жейді. Өзін ғана білген ұл құлағы мен жағын жейді», – деп дана халық бекер айтпаған.
… Жеті атаны білу деген не? Ол – жеті шалдың атын жаттау ғана ма? Жоқ, ол – сол жеті шалдан тарап, өсіп-өнген ұрпақты – ұрымға кеткен ұлдың, қырымға кеткен қыздың барған жерін, келген елін білу деген сөз. Осыларды тарата тани білсең, бұрынғы туған деген дара ұғымның тамырланып, туыс, ағайын, ілік, жұрағат болып өріс жаяды. Сөйтіп жақындарың бір жұрттың аясынан асып, жеті жұрттың жеріне желі тартады. Соның бәрі алысың емес – жақыныңа, жатын емес – бауырына айналады. Бірі – туған құдаңның, бірі – туған нағашыңның, бірі – туған жиеніңнің жұрты. Енді бір жұрт – атаңның нағашысы, бірі – әжеңнің төркін жұрты. Қайын жұртың өз алдына бір сала. Қайда қашпақсың! Өз еліне өгіз болып жегілсең, өзгенің қамын ойлап сөгілесің. Жеті жұрттың қамын ойлайды дегеннің мәнісі осы, інім.
Қойшығара Салғариннің «Алтын тамыр» романынан үзінді.