2013 жылғы 10 сәуірде Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың төрағалығымен Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Кәсіпкерлер кеңесінің отырысы өтті.
Елбасы отырысқа қатысушылар алдында Кәсіпкерлер кеңесінің осы отырысы «Қазақстан – 2050» Стратегиясы жарияланғаннан кейінгі алғаш рет өтіп отырғанын атап өтті.
– Біз алдымызға әлемнің экономикасы барынша дамыған отыз елінің қатарына қосылу жөнінде ауқымды мақсат қойдық. Қуатты экономика – кәсіпкерліктің қуаттылығы, отандық кәсіпорындардың бәсекеге қабілеттілігінің жоғарылығы, олардың кооперациясы. Мен отандық бизнесті қолдауды Жаңа саяси бағдардың маңызы жағынан екінші бағыты ретінде белгіледім, – деді Қазақстан Президенті.
Осыған орай Мемлекет басшысы ұзақ мерзімді іс-қимылға арналған бұл бағыт бірқатар жүйелі міндеттерді қамтитынына тоқталды.
– Біріншіден, Қазақстандағы кәсіпкерлік ұлттық экономиканың ілгерілеуші күшіне айналуға тиіс. Шағын және орта бизнестің үлесін кемінде екі есеге арттыру қажет. Екіншіден, жекешелендірудің екінші кезеңін өткізу жөнінде ауқымды міндет қойылды. Іскерлік қабілеті бар және тиімділік көрсетіп жүрген қазақстандық кәсіпкерлер оның субъектілері болуға тиіс. Үшіншіден, ұсақ кәсіпорындар мен жеке кәсіпкерлердің орта топқа тезірек өтуін ынталандыратын шараларды жедел әзірлеп, жүзеге асыру керек. Төртіншіден, бизнес кооперациясы үшін, әсіресе, өңірлік деңгейде жағдай жасау маңызды. Сондай-ақ, кәсіпкерлердің Ұлттық кәсіпкерлер палатасына міндетті қатысуы үлгісінің жобасын талқылаған жөн. Бесіншіден, Жаңа саяси бағдарға экономикалық қызметті реттеу мәселелеріне мемлекеттің қатысуының жаңа қағидаттары сәйкес келуге тиіс. Соның ішінде, әңгіме кәсіпкерлерді мемлекеттік қолдаудың сапалы деңгейі туралы болып отыр, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Қазақстан Президенті өз сөзінде кәсіпкерлерге қолдау көрсету мемлекеттің стратегиялық мақсатына сәйкес жаңа серпін алатынын атап өтті.
– Бизнестің жол картасына сәйкес 3 мыңдай кәсіпкерлік жобаға субсидия бөлінген. 409 кәсіпорынға инженерлік инфрақұрылым жүргізілген. Бұл жұмыстың құны – 78 миллиард теңге. Алғашқы үш жылдағы жұмыс мерзімінде кәсіпкерлік құрылымдарды тексеруге заңнамалық тыйым салынған. Қазақстан бизнестің ашықтығы мен оны жүргізу үшін жеңілдетілген жағдай туғызу жөніндегі реформалардың көшбасшысы болып саналады, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Мемлекет басшысы өзінің тапсырмасы бойынша құқық қорғау органдары саласында да бизнеске қатысты жүйелі жұмыс жүргізілетініне тоқталды. Қазақстан Президенті қазір кез келген адам өзінің бизнесін бір-ақ күн ішінде, үйден шықпай-ақ, онлайн режімінде бастай алатынын айтты. Жеке кәсіпкерлер үшін салық есептілігінің мерзімділігі қысқарды, есепке алу оңайлатылды. Заңдарға электронды есеп-фактураларды қолдануға жол ашатын өзгерістер енгізілді. Тек осы жаңалықтың өзі ғана Қазақстанның бизнесіне жылына кемінде 5 миллиард теңге үнемдеуге мүмкіндік береді.
Нұрсұлтан Назарбаев ішкі инвестициялардың әлеуетін арттыру қажеттігін атап өтті. Бұл міндет қазір Үкімет әзірлеп жатқан Кәсіпкерлік қызметті мемлекеттік реттеудің 2020 жылғы кезеңге дейінгі тұжырымдамасының негізі болуға тиіс.
– Мемлекет барлық ескірген бақылау тәсілдерінен барлық жерде түбегейлі арылғаны жөн. Мемлекет тарапынан бақылау нысаны тек түпкілікті өнімнің сапасы мен қауіпсіздігі, заңдық нормалардың сақталуы бола алады. Мемлекеттің міндеті – тауарлар мен қызмет сапасы стандарттарын, техникалық индикаторларды және қауіпсіздік жөніндегі регламенттерді әзірлеу және орнықтыру, – деді Мемлекет басшысы.
Қазақстан Президенті кәсіпкерлікті мемлекеттік реттеудің тағы бір маңызды көрінісі рұқсаттама жүйесінің жағдайына тұрақты талдау жасаумен байланысты екенін атап көрсетті.
Осыған орай Нұрсұлтан Назарбаев Үкіметке биылғы жылғы 1 қыркүйекке дейін құрылыс саласындағы нормативтік базаны реформалау жөніндегі тұжырымдаманың жобасын әзірлеуді тапсырды. Сондай-ақ, 2014 жылдың соңына дейін мемлекеттік қызмет көрсету кезіндегі бизнес процестерінің нормативтік анықтамалығын әрбір мемлекеттік органның бекітуін қамтамасыз ету тапсырылды.
Мемлекет басшысы кәсіпкерлердің табиғи монополистермен өзара іс-қимылы мәселелері жүйелі түрде шешуді талап ететініне тоқталды.
– Мен қазірдің өзінде бизнестің дамуына елеулі кедергіні әрбір монополистің өз қызметіне тарту ісін өзінің ішкі құжатымен реттейтіндігінен көріп отырмын. Оның үстіне, бәрі де бизнес үшін қосымша қаржылық және басқа да шығындар жүктеуге тырысады. Ал біздің Табиғи монополияларды реттеу жөніндегі агенттік осы мәселемен айналысты ма? 2005 жылдың өзінде бекітілген Жылу энергиясын пайдалану қағидасы мен Электр энергиясын пайдалану қағидасын қолға алыңыздаршы. Жұмыс істеп жатқан кәсіпорынға немесе цехқа меншік иесі ауысқан кезде инженерлік жүйелерге қосылу үшін жаңадан техникалық шарттар иелену неге қажет екенін маған кім түсіндіріп бере алады? Немесе кәсіпкерді жаңғырту жүргізу және энергия үнемдеу технологиясын енгізу нәтижесіне қарай энергияны тұтынуды төмендету барысында монолистің алдына барып иілуге мәжбүрлеуіміз керек пе? Сіздер тереңірек ойлаңыздар: бұл ойдан шығарылған тәртіп шындығында энергия үнемдеу және жаңа технологиялар енгізу мәселелерінде бизнестегі жігерсіздікке жол ашады, – деді Қазақстан Президенті. .
Нұрсұлтан Назарбаев өз уақытында Үкімет қуаттылыққа қосылу төлемін өзгерткенін еске салып өтті.
– Қазір табиғи монополистер, цитата келтіре кетейін, «жаңа тұтынушылардың пайда болуына байланысты қолданыстағы желіні күшейту жөніндегі негізделген талаптарды» ұсынып отыр. Былайша айтқанда, өздерінің қырсыздығын бүркемелеу үшін бизнестен алым өндірудің жаңа формасын ойлап тапқан. Үкіметке «Атамекен Одағымен» бірлесіп, осы мәселелерді жете анықтап, бір ай мерзімде келісілген ұсынысты енгізуді тапсырамын, – деді Мемлекет басшысы.
Қазақстан Президенті Бірыңғай экономикалық кеңістікке қатысу және келешекте Дүниежүзілік сауда ұйымына мүше болу жағдайында отандық кәсіпкерлерге қолдау көрсету ең маңызды мәселенің бірі болып табылатынын атап өтті.
– Қазақстанға Бірыңғай экономикалық кеңістікке және келешекте Еуразиялық экономикалық одаққа қатысу стратегиялық тұрғыда тиімді екені анық. Өз уақытында мен бәріне Кеден одағы мен БЭК отандық бизнес үшін, ең алдымен, біздің өнімдеріміздің бәсекеге қабілеттілігі мәселесі болып саналатынын бірнеше рет ашық айтып, ескерттім. Үкіметке «Атамекен Одағымен» бірге БЭК пен ДСҰ аясындағы біздің өндірушілердің мүддесін ілгерілету және қорғау жөнінде бірлескен іс-қимыл жоспарын қабылдауды тапсырамын, – деді Қазақстан Президенті.
Сондай-ақ, Нұрсұлтан Назарбаев Үкіметке «Атамекен Одағымен» бірлесіп, орталық және жергілікті атқарушы органдар жұмысына баға беретін жаңа «Іскерлік ахуал» рейтингін құруды және нәтижесін БАҚ-та қыркүйекке дейін жариялауды тапсырды.
Қазақстан Президенті электрондық сауданы дамыту сияқты ресурсты белсенді пайдаланудың маңыздылығын атап өтті. Қазақстанда мұндай сегменттің әлсіз болуы екі себепке – отандық Интернет-ресурстардың тиімсіз дамуына және тиісті заңнаманың жоқтығына байланысты.
– Үкіметке биылғы жылдың соңына дейін «Электрондық сауда туралы» Заң жобасын, сондай-ақ, бес жылдық кезеңге арналған Қазақстанда Интернет-сауданы дамытудың салалық перспективалық жоспарын әзірлеуді тапсырамын, – деді Қазақстан Президенті.
Нұрсұлтан Назарбаев жұмыстың тағы бір маңызды бағыты кәсіпкерлерді ақпараттандыру аясын кеңейту, оларға қажетті интерактивтік қолдау көрсету екенін атап айтты.
– Өз бизнесін ашқысы келетіндердің әрқайсысы кәсіпкерлікке мемлекеттік қолдау көрсету құралдарының барлық арсеналы туралы білуге тиіс. Мемлекет те, Ұлттық экономикалық палата да Қазақстан бизнесіне арналған бірыңғай қуатты Интернет-портал құру үшін өз ресурстарын біріктіруі керек, – деді Мемлекет басшысы.
Мемлекет басшысы «Қазақстан-2050» Стратегиясында белгіленген міндеттің бірі – жаңа жекешелендіру екенін еске салып өтті.
– Үкімет қазірдің өзінде жекешелендірудің тетіктері мен нысандары тізбесін әзірлеуде. Қазақстан кәсіпкерлеріне білім, медицина, ақпарат, әлеуметтік қызмет көрсету салаларында өздерін танытудың жаңа мүмкіндіктері ашылады. Жекешелендіруді жүргізу кезінде Үкімет пен жергілікті билік органдары мынадай қағидаттарға сүйенуі керек. Біріншіден, бұл – жекешелендірудің нағыз ашықтығы. Екіншіден, мемлекеттік-жеке меншік серіктестіктің түрлі тетіктерін пайдалану қажет. Нысандарды тек бірден ғана емес, толығымен де сату керек. Басқа да түрлері – кейіннен сатып алатындай етіп жалға беру, бөліп-бөліп төлеуді ұсыну, өтеусіз беру тәсілдері керек. Үшіншіден, әлеуметтік саладағы жекешелендірілген нысандар өзінің жұмыс бағытын өзгертпеуге тиіс. Сонымен қатар, Қазақстанда жекеменшіктің құқықтық кепілдігі жүйесін дамыту маңызды деп санаймын. Мен кейбір жекелеген ортада талқыланатын «ұнамды» тақырып – барынша мүмкін болатын «меншік бөлінісінің» ықтималдығы екенін білемін. Мұндай әңгімелердің шығуына дәйекті түрде тосқауыл қою керек. Олай болмайтынын бәрі де жақсы білуге тиіс. Бұл жерле бір ғана жол бар – заңнаманы дамыту, жеке бизнесті қорғау тетіктерінің пәрменділігін арттыру. Үкіметке бизнесті заңнамалық қорғау мәселесін жан-жақты талдауды және екі айлық мерзім ішінде оны нығайту жөнінде ұсыныс енгізуді тапсырамын. Тағы да қайталаймын: жекешелендіруді жекелеген әкім, министр немесе қандай да бір ведомство емес, мемлекет іске асырады, – деді Қазақстан Президенті.
Мемлекет басшысы Қазақстан кәсіпкерлерінің патриоттық парызы шетелдегі жылжымайтын мүлікке емес, ұлттық экономикаға инвестиция салу екенін атап өтті.
– Бұл – бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі мәселесі. Үдемелі индустрияландыру, жекешелендіру, мемлекеттік қолдау бұл үшін ауқымды мүмкіндік береді. Біздің өңірлердегі мыңдаған нысан қаржы салуды қажет етеді. Біз қазір соңғы жылдары кәсіпкерлеріміз қанша мешіт, шағын шіркеулер мен ғибадатханалар салғанын санап бере аламыз. Алайда, мәселен, өз есебінен ауылдық мәдениет үйлерінің құрылысын немесе жөндеу жұмысын жүргізу, жаңа өлкетану мұражайын, жастарға арналған аула клубтары немесе спорттық алаңдар салу мейлінше сирек болатын жағдай. Біз осындай қызметті ынталандыруға тиіспіз, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Қазақстан Президенті Кәсіпкерлердің ұлттық палатасын құру мәселесіне жеке тоқталып өтті.
– Палата жұмысына міндетті қатысу, ең алдымен, жекелеген кәсіпкер үшін тиімді болуға тиіс. Ол өзінің анағұрлым қорғалғанын сезініп, жекеменшік бизнесін дамыту үшін осы құрылымды сенімді тірек деп білуі керек. Палата ашық жұмыс істеуге тиіс. Әрбір кәсіпкер, ауылдық болсын, қалалық болсын, оның тең құқылы қатысушысы болуы керек. Кәсіпкерлер палатасы ұлттық бизнесті дамытудың басты әдіскері болуға тиісті. Сонымен қатар, ол Үкіметтің сенімді және білікті серіктесіне, мемлекеттік шешімдерді қабылдау кезінде оның ұжымдық кеңесшісіне айналады. Үкімет осы барлық негізгі аспектіні кәсіпкерлердің ұлттық палатасы туралы заңды әзірлеу кезінде ескеруі қажет, – деді Мемлекет басшысы.
Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан бизнесін дамытудың жаңа кезеңі басталғанын атап өтті. Оның басты мағынасы – отандық кәсіпкерлердің ұлттық экономиканың тұрақты өсуіне жауапкершілігін арттыру.
– «Қазақстан-2050» Стратегиясында біз ұлттық бизнесті ішкі инвестицияны арттырудың ең басты қайнар көзі ретінде белгіледік. Соған сәйкес, біздің Кеңестің мәртебесі мен рөлін көтеруді маңызды деп санаймын. Мен оны Ұлттық инвесторлар кеңесі ретінде қайта құру туралы шешім қабылдадым. Жаңа мәртебе аясында мемлекеттік органдардың басшылары мен бизнес өкілдерінің арасынан тең төрағалар басшылық жасайтын тұрақты Жұмыс тобы құрылатын болады. Кеңестің жұмыс органы ретінде Өңірлік даму министрлігін белгілеймін. Үкіметке бір ай мерзімде жаңа Регламент жобасын және Ұлттық инвесторлар кеңесінің құрамы туралы ұсыныстар енгізуді тапсырамын, – деді Қазақстан Президенті.
Отырыс барысында Премьер-Министрдің бірінші орынбасары – Өңірлік даму министрі Бақытжан Сағынтаев Мемлекет басшысының кәсіпкерлікті дамыту мәселелері жөніндегі тапсырмаларының орындалуы жөнінде баяндама жасады. Атап айтқанда, ол бизнесті қоғамдық ұйымдастыруды институционалды күшейту, кәсіпкерлік қызметті мемлекеттік реттеудің тиімділігін қамтамасыз ету, сондай-ақ қаржылық және қаржылық емес қолдау көрсету жөніндегі жұмыстар туралы атап өтті.
– 2013 жылдың 1 қаңтарында ішкі жалпы өнімдегі шағын және орта кәсіпкерліктің үлесі 17,8 пайызды құрады. Жұмыспен қамтылғандар саны 2,5 миллион адам болды, қазір белсенді субъектілер саны 760 мыңнан асты, ал өнім шығару 8 триллион теңгеге жуықтады. Мемлекет пен бизнес өзара іс-қимылдың анағұрлым жоғары деңгейіне қол жеткізді, – деді Б.Сағынтаев.
Қазақстанның «Атамекен Одағы» Ұлттық экономикалық палатасының төрағасы Абылай Мырзахметов өз сөзінде Нұрсұлтан Назарбаевты іскерлік ахуалды жақсарту жөнінде Үкіметпен және өзге де мемлекеттік органдармен бірлесіп атқарылған жұмыс туралы хабардар етті. Ол «Атамекен» міндетті мүшелікке өту институтын енгізу жөнінде Германияның, Австрияның озық тәжірибесін зерделегенін атап өтті.
– Шағын және ірі бизнестің, сондай-ақ, қауымдастықтың қатысуымен, біз шамамен барлық облыс орталықтарында, кейбір шағын қалаларда осы идеяны талқыладық. Содан кейін біз барлық ірі белсенді салалық өңірлік қауымдастықтармен бірнеше рет кездестік. Тұжырымдамалық үлгі әзірленіп, Сіздің тарапыңыздан мақұлданды. Жолдауда бірінші тоқсанда «Кәсіпкерлердің ұлттық палатасы туралы» заң әзірлеу жөнінде нақты міндет қойылған, – деді А.Мырзахметов.
Кеңес соңында Мемлекет басшысы Қазақстан кәсіпкерлері жаңа бастамаларды қолдайтынына, экономиканың өсуіне және халықтың әл-ауқатының артуына зор үлес қосатынына сенім білдірді.