Жалпы ақпарат. Кәдімгі бөдене – тауықтар жасағына, қырғауылдар тобына жатады. Бұл құс осы жасақтың ең кішкентай өкілі болып саналады. Оның денесінің ұзындығы бар болғаны 16-20 см, салмағы – 80-150 г. аралығында болады.
Ең алдымен, бөденені қандай мақсатта өсіретініңізді шешіп алыңыз. Егер сіздің мақсатыңыз жоғары сапалы бөдене етін өндіру болса, онда калифорниялық тұқымға назар аударған дұрыс. Негізінен, бөденені жұмыртқа алу үшін өсіреді. Бұл жағдайда ең жақсы тұқым – жапондық бөденелер. Жапондық үй бөденелері 50-60 күн шамасында жұмыртқа сала бастайды (салыстырып көріңіз, тауықтар 180-210 күннен кейін ғана жұмыртқа салады). Жыл сайын әр бөдене 300 және одан да көп, салмағы 10-14 гр болатын, дәмді де пайдалы жұмыртқа береді.
Бөденелерді асырау: тор әлде инкубатор?
Егер сіз бөдене өсіруді жаңа туған кезінен бастағыңыз келсе, онда ең бірінші инкубатор қажет. Бөдененің жұмыртқасын инкубациялау үшін кіші көлемді тұрмыстық инкубаторды пайдаланыңыз, оны кез-келген базардан немесе арнайы дүкеннен сатып алуға болады. Көптеген әуесқой құс өсірушілер дайын зауыттық инкубатордан басқа, құрылымы жайлы, ол туралы мәлімет интернеттен оңай табылатын қолдан жасалған инкубаторды пайдаланады. Бөдене жұмыртқалары үшін инкубация мерзімі 17,5 тәулік (тауық жұмыртқалар үшін 21 тәулік). Бөденелердің балапан шығаруы белсенді түрде жүріп, 4-6 сағатта аяқталады.
Жұмыртқаны жаңадан жарып шыққан балапан жүндері үлпілдеп тұрады. Әрине, олардың тауық балапандарына қарағанда көлемі әлдеқайда кішкентай (дүниеге келген балапанның салмағы 6-8гр.) Дені сау бөденелерді арнайы дайындалған жәшіктерде немесе торларда, яғни, брудерларда өсіреді. Брудерді дайындау үшін фанера, пластик немесе картон пайдаланылады. Тағамдық жұмыртқа алу мақсатында үй бөденелерін асыраған кезде әдетте биіктігі 20 см-ге дейінгі торлар пайдаланылады. Оның көлемі торға салынатын бөденелердің санына байланысты, шамамен 180-200 см². жерге бір балапан орналасады деген есеппен жасалады. Егер Сізге диеталық тағамдық (ұрықтандырылмаған) жұмыртқа қажет болса, онда торда тек қана ұрғашы бөденелерді ұстауға болады.
Бөденелерді өсіру техникасы.
Бөдене өсіретін орында, әсіресе, алғашқы үш аптада жоғары температураны сақтау қажет, өйткені бұл кезеңде бөдене балапандарының жылуды реттеу мүмкіндіктері өте әлсіз болады. Алғашқы үш аптада балапандар орналасқан орын күндіз-түні жарықтандырылады. Бұдан әрі күндізгі жарықтың берілуі күн сайын 2 сағатқа қысқарып отырады. Торда немесе жәшікте 3 апталық балапандарды ұстаған кезде, әр басқа – 50 см² орын келетіндей болуы керек, 3-6 апта аралығында жәшіктің ауданы әр бөденеге 90 см² болуы тиіс. Жас бөденелерге су беру үшін вакуумдық суғарғыштар (төңкерілген шыны құтылар) қажет. Торларға кішкентай ыдыс суғарғыштар орнатуға болады. Ал екінші аптадан бастап ниппельдер орнатылады. Оларды кез келген бөдене балапаны жете алатындай биіктікке орнатады. Алғашқы аптада бөдене балапандарын 2 сағат сайын тамақтандырады. Бұдан кейін біртіндеп тамақтандыру саны қысқарып отырады. Бөдене балапандарын өсірудің алғашқы аптасында қатты пісірілген, майдалап ұнтақталған тауық немесе бөдене жұмыртқаларын, қатық, манный жармасын, одан кейін балапандарға арналған зауыт жемдерін беріп, біртіндеп ересек құстардың ережесіне көшіреді. Үшінші күннен бастап кәдімгі жемдерді де беруге болады. Алғашқы аптада бір бөдене балапаны күніне 4 гр., екінші аптада 7 гр., бұдан әрі 13-17 гр.-ға дейінгі мөлшерде жемді қажет етеді. Жетінші аптадан асқан кезде 25 гр. жем жейтін болады. Жемді мөлшері 20х20 см болатын төртбұрышты ыдысқа шашады. Құрғақ жемнің үстіне міндетті түрде жем шашылып кетпеуі үшін темір тор (10х10 мм.) қойылады.
Өткізу нарығы. Бұл өндірістен кіріс тек өткізу нарығы жолға қойылғанда ғана түседі. Сондықтан да бірден, сіз тұратын қаланың немесе аудан (облыс) орталығының қандай сауда нүктелерінде тауарды сатуға болатынын анықтап алған жөн. Сондай-ақ, сіздің елдімекенде (немесе жақын жерлерде) бөдене өсірумен айналысатын адамдардың бар-жоқтығын және де олар бар болса, олардың өткізу нарығы қалай ұйымдастырылғанын біліп алғаныңыз дұрыс.
Болжамды есептеулер.
Шығыстар:
– тұрмыстық инкубаторды сатып алу – 20 000 теңге.
– инкубациялық жұмыртқаны сатып алу (200 дана 50 теңгеден) – 10 000 теңге.
– торларды сатып алу және орнату – 15 000 теңге.
– жылына сатып алынатын жем – 20 000 теңге.
Барлығы: 60 000 теңге.
Табыс:
– жұмыртқаларды сату: (100 бөдене жылына 30 000 жұмыртқа салады, бір жұмыртқаның бағасы – 50 теңге.) – 1 500 000 теңге.
– ет сату (100 бөдене еті 1-2 айда өсіп жетіледі) – 300 000 теңге.
Барлығы: 1 800 000 теңге.