Патент бойынша жұмыс істейтін дара кәсіпкерлер үшін заңнамамен бухгалтерлік және салықтық құжаттаманы жүргізуге барынша аз талаптар қойылған. Бұған қоса, дара кәсіпкер патент бойынша жұмыс істейтін болса бухгалтерлік есепті мүлдем жүргізбеуге болады.
Дегенмен, ол салықтық есепке алуды жүргізуге міндетті.
Салық кодексі 56-бабының 4-тармағына сәйкес, шағын бизнес субъектiлерi үшiн арнаулы салық режимiн арнаулы салық режимiн қолданатын салық төлеушiлер осындай арнаулы салық режимдерi қолданылатын қызмет бойынша Қазақстан Республикасының Үкiметi белгiлеген нысан бойынша дербес әзiрленген салықтық есепке алу саясатын бекiтедi.
Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2011 жылғы 14 қазандағы №1174 Қаулысымен патент негiзiнде арнаулы салық режимiн қолданатын және қосылған құн салығын төлеушiлер болып табылмайтын дара кәсiпкерлерге арналған салықтық есепке алу саясатының нысаны (салықтық есепке алу кiтабы) бекітілген.
Салықтық есепке алу саясаты шағын ғана құжат болып табылады. Онда дара кәсіпкердің деректері және оның салықтық есепке алуды жүргізу әдісі көрсетіледі. Бұл салық саясаты дербес әзірленеді және салықтық тексеру болған жағдайда тексерушілерге ұсыну мүмкіндігі болу үшін өзінде сақталуы тиіс.
Сондай-ақ, аталған қаулымен мыналар бекітілген:
1) Патент негізінде арнаулы салық режимін қолданатын және қосылған құн салығын төлеушілер болып табылмайтын дара кәсіпкерлерге арналған салықтық есепке алу кітабы;
2) Патент негізінде арнаулы салық режимін қолданатын және қосылған құн салығын төлеушілер болып табылатын дара кәсіпкерлерге арналған салықтық есепке алу кітабы;
3) Қоршаған ортаға эмиссия үшін төлемақы жөніндегі міндеттемені есепке алу ведомосі (қоршаған ортаға эмиссия үшін төлемақы төлеуші болып табылатын дара кәсіпкерлер үшін).
Сонымен, патент бойынша жұмыс істейтін дара кәсіпкерлер салықтық есепке алу кітабын жүргізуге тиіс. Кітапта кәсіпкердің жалпы деректері және тапқан табыстары туралы мәліметтері көрсетіледі.
Қосылған құн салығын төлеушілер болып табылмайтын дара кәсіпкерлер үшін Салықтық есепке алу кітабы табыстың түсу ретіне қарай, жұмыс күнінің соңында қорытындыны шығара отырып хронологиялық тәртіппен толтырылады. Айдың, тоқсанның, жылдың соңында ай, тоқсан, жыл үшін қорытынды деректер шығарылады.
Қосылған құн салығын төлеушілер болып табылатын дара кәсіпкерлер үшін Салықтық есепке алу кітабы күн сайын, жұмыс күнінің соңында қорытындыны шығара отырып хронологиялық тәртіппен толтырылады. Айдың, тоқсанның, жылдың соңында ай, тоқсан, жыл үшін қорытынды деректер шығарылады.
Кітаптарды толтыру оңша қиын емес. Тек қана дара кәсіпкердің тапқан табысының мөлшерін көрсетіп отыру керек.
Салықтық есепке алу саясатының болуы және салықтық есепке алу кiтабын жүргізу міндетті. Өйткені оның болмауы үшін әкімшілік айыппұл қарастырылған.
Атап айтқанда, Әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы кодекстің 208-бабына сәйкес, дара кәсiпкерлерде салықтық есепке алу саясаты құжаттарының немесе салықтық есепке алу кiтабының болмауы және салық есебін жүргізуді бұзу оларға жиырма бес айлық есептiк көрсеткiш мөлшерiнде айыппұл салуға әкеп соғады. 2013 жылға айлық есептік көрсеткіш 1 731 теңге мөлшерінде белгіленгенін ескерсек, айыппұл 43 275 теңгені құрайтын болады.
Сондықтан салықтық есепке алу саясатын әзiрлеуге және салықтық есепке алу кiтабын жүргізуге біршама уақыт бөліп, сосын еш уайымсыз басқа маңызды шаруалармен айналысуға кеңес береміз.