Тамақ өнімдері ішіндегі көшбасшылардың бірі болып нан пісіру саласы саналады. Оның өнімі ең керекті және оған деген сұраныс әрдайым жоғары болып табылады. Басты нан шығарушылар – үлкен нан зауыттары мен комбинаттар. Кішігірім нан пісіретін наубайханалар стандартты ақ нан мен қара нан өндірісі бойынша үлкен зауыттармен бәсекелесе алмайды, бірақ олардың сирек кездесетін нан түрлерін (мысалы, диеталық, ұлттық, эксклюзивті және т.б. нандар) пісіру бойынша нарықтан орын алып, жақсы табыс табуы әбден мүмкін, себебі олар кішкентай болғандықтан өте мобильді.
Ғимарат. Нан өнімдерін пісіру бойынша бизнес ашу үшін бастапқы капитал ҚР Денсаулық сақтау министрінің 2003 жылғы 31 қаңтардағы № 94 бұйрығымен бекітілген №4.01.064.03 «Нан, ұннан жасалатын тағамдар, макарон және кондитерлік өнімдерді өндіруді ұйымдастыру бойынша санитарлы-гигиениялық және эпидемияға қарсы талаптар» атты санитарлық ережелер мен нормаларға сай, кем дегенде 50 м²-лік ғимарат керек.
Шағын наубайхана ашу бойынша кішігірім бизнесті бастау үшін сауда нүктесінің орналасу орнын дұрыс таңдау өте маңызды. Бастысы, оның жанынан адамдар көп жүретін болуы керек. Яғни сауда нүктесінің аялдамалар, вокзал, әуежай, өндіріс заттарын сататын дүкендер, базарлар т.б. жерлердің маңында болғаны дұрыс. Сату орны стационарлы немесе жылжымалы (тонар) болуы да мүмкін.
Сату нүктесінің орналасатын жері белгілі болғаннан кейін, онда сауда жасауды жүзеге асыру үшін СЭС қорытындысын алу керек. Жұмыс жасайтын сатушылардың әрқайсысында санитарлық кітапшаның болуы міндетті.
Құрал-жабдықтар. Бизнесті ұйымдастырудағы келесі кезең – құрал-жабдықтар алу. Кішігірім наубайхана үшін мыналар қажет: конвекционды пеш (бағасы 100 000 теңгеден жоғары), шкаф (70 000 теңгеден жоғары), дайын өнімдерді қоятын жылы сөрелер (40 000 теңгеден жоғары), тот баспайтын болат противиньдер (1500 теңгеден жоғары), мұздатқыш ларь (шамамен 75 000 теңге). Құрал-жабдықтарды кәсіби технологтар орнатады.
Технология. Дайын өнімдер шығару үшін жартылай фабрикаттар керек болады. Айта кететін жайт, қазіргі кезде дайын өнімдердің мұздатылған түрлері бар, яғни оларды пайдалану үшін жылытатын микротолқынды пеш қажет. Бірақ олар дәмі мен сапасы жағынан жаңа піскен тағамдардан аса алмайды.
Өнім дайындау технологиясын игеру қиын емес. Ол бар-жоғы екі бөлімнен тұрады:
1) мұздатқыштан жартылай фабрикаттарды шығарып, жалғамалы шкаф ішіне 40-60 минутқа қою.
2) осы өнімді 15-20 минутқа пешке салу.
Бір кішігірім наубайхананың өнім шығару көлемі тәулігіне, шамамен, 0,5 – 1 тонна. Алайда күніне 10-12 тонна өнім шығаратын наубайханалар да бар.
Қызметкерлер. Бір наубайхананың жұмысы үшін 2-4 адам қажет. Ережеге сәйкес, наубайханадағы жұмыс кезекпен ұйымдастырылады, сондықтан да, әдетте қызметкерлер саны кезектің пропорционалды санына қарай көбейіп отырады. Нан пісірушілерден басқа, бизнесті жүргізу үшін кем дегенде бухгалтер мен жүргізуші керек.
Өнімді өткізу. Бизнесті дамыту үшін маңызды фактор тұтыну нарығын тиянақты талдау болып табылады. Бәрінен бұрын, өндіретін өнім түрлерін дұрыс таңдап, баға белгілеу саясатын сауатты жүргізу керек. Өнім бағасы сатып алушылардың басым бөлігіне қолжетімді болуы қажет. Бұған қоса, тұтынушылардың санын көбейту үшін және бизнесті кеңейту үшін пісірілген өнімді үйге немесе жұмыс орнына жеткізіп беру іспетті қосымша қызмет көрсетулерді ұсынуға болады. Әрі қарай бизнесті бір ғана сату нүктесінен тұтас бөлшек сауда жүйесіне айналдыру мәселесін қарастыруға болады.
Болжамды есептеулер.
Шығыстар:
– 50 м²ғимаратты жалға алу – ай сайын 115 000 теңге .
– құрал-жабдықтарды сатып алу – 320 000 теңге.
– шикізат – 100 000 теңге.
Барлығы: 535 000 теңге.
Табыс:
Қарапайым нанның өзіндік құны 36 теңгені құрайды, ал сатылу бағасы (сату аймағына байланысты) 60 теңге. Орташа есеппен күніне кем дегенде 400 нан сатуға болады (сату аймағына байланысты), ал бұл күніне 24 000 тенгені құрайды.