Елімізде көптеген дара кәсіпкерлер патент немесе оңайлатылған декларация негізінде жұмыс жасап келеді.
Бұл арнаулы салық режимдері ыңғайлы, өйткені жалпыға бiрдей белгiленген тәртiпмен салыстырғанда олар бойынша салық мөлшері тым аз. Сонымен қатар, салық рәсімдері, оның ішінде есептілік тапсыру жеңілдетілген.
Өкінішке орай, кейбір кездері дара кәсіпкерлер аталған рәсімдерді бұзып жатады. Ақырында бұл олардың қалтарына ауыртпалық салады, өйіткені олар көп мөлшерде айыппұл төлеуге мәжбүр болады.
Атап айтқанда, «Әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы» Қазақстан Республикасы Кодексiнің 205-1 бабымен патент және оңайлатылған декларация негізіндегі арнаулы салық режимiн қолданған кезде қызметтi заңсыз жүзеге асыру үшін әкімшілік жауапкершілік қарастырылған.
Бұл жазбаның басты мақсаты патент немесе оңайлатылған декларация негізінде жұмыс жасайтын дара кәсіпкерлерге жоғарыда аталған бап бойынша қандай жағдайда айыппұл салынатынын түсіндіру болып табылады.
Біріншіден, патент немесе оңайлатылған декларация үшін бекітілген шарттарды бұзған барлық дара кәсіпкерлер әкімшілік жауапкершілікке тартылады.
Осы ретте оңайлатылған декларация негiзiндегi арнаулы салық режимiн қолдану шарттарын естеріңізге сала кетейік.
Патент негізінде жұмыс істейтін дара кәсіпкерлер үшін:
– қызметкерлердiң еңбегiн пайдалануға болмайды;
– күнтізбелік жыл үшін салық кезеңiндегi табысы ең төменгi жалақының 200 еселенген мөлшерiнен (немесе 2013 жылға 3 732 000 теңгеден) аспау керек.
Оңайлатылған декларация негізінде жұмыс жасайтын дара кәсіпкерлер үшін:
– дара кәсiпкердiң өзiн қоса алғанда, қызметкерлердiң шектi орташа тiзiмдiк саны салық кезеңi (квартал) iшiнде жиырма бec адам болу;
– салық кезеңi iшiнде шектi табысы 10 млн теңгеден аспау керек.
Сонымен қатар, патент немесе оңайлатылған декларация негізіндегі арнаулы салық режимi мынадай қызмет түрлерiне:
1) акцизделетiн тауарларды өндiруге;
2) акцизделетiн тауарларды сақтауға және көтерме саудада өткiзуге;
3) мұнай өнiмдерiнiң жекелеген түрлерiн – бензиндi, дизель отынын және мазутты өткiзуге;
4) лотереяларды (мемлекеттiк (ұлттық) лотереялардан басқа) ұйымдастыруға және өткiзуге;
5) жер қойнауын пайдалануға;
6) шыны ыдыстарды жинауға және қабылдауға;
7) түстi және қара металл сынықтары мен қалдықтарын жинауға (дайындауға), сақтауға, қайта өңдеуге және өткiзуге;
8) консультациялық қызметтер көрсетуге;
9) бухгалтерлiк есеп және аудит саласындағы қызметке;
10) сақтандыру брокерi мен сақтандыру агентiнiң қаржы, сақтандыру қызметiне және делдалдық қызметiне;
11) құқық, әдiлет және сот төрелiгi саласындағы қызметке қолданылмайды.
Егер де дара кәсіпкер тарапынан жоғарыда аталған тыйымдардың бірі бұзылатыны анықталса, онда алдын ала жалпыға бiрдей белгiленген салық режиміне өткені дұрыс. Өйіткені жоғарыда аталған тыйымдар бұл режимге қатысты қолданылмайды.
Егер де дара кәсіпкер арнаулы салық режимiн қолданған кезде осы режим үшiн көзделген шарттарды бұза отырып жүзеге асырса, онда ол салық органдарына хабарласып, айыппұл төлеп, жалпыға бiрдей белгiленген салық режиміне өту керек немесе белгіленген тыйымдарды бұзбауға тырысу керек.
Арнаулы салық режимiн қолданған кезде қызметтi осы режим үшiн көзделген шарттарды бұза отырып жүзеге асыру дара кәсiпкерлерге он бес айлық есептiк көрсеткiш мөлшерiнде айыппұл салуға әкеп соғады.
Айта кету керек, 2013 жылға айлық есептік көрсеткіш 1 731 теңге мөлшерінде белгіленді.
«Әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы» ҚР Кодексiнің 205-1 бабымен патент негізінде жұмыс істейтін дара кәсіпкерлердің басқа да тыйымдарды бұзғаны үшін тағы да жауапкершілік қарастырылған.
ҚР Салық кодексінің 431 бабына сәйкес патент негізінде жұмыс істейтін барлық дара кәсіпкер кезектi патенттi алуға арналған есеп-қисапты осының алдындағы патенттiң қолданыс мерзiмi аяқталғанға дейiн табыс ету керек.
Дара кәсiпкердiң бұл есептеме беру мерзiмiн күнтiзбелiк отыз күнге дейiнгi мерзiмге бұзуы – он айлық есептiк көрсеткiш мөлшерiнде айыппұл салуға әкеп соғады.
Ал, дара кәсiпкердiң патент алуға есептеме беру мерзiмiн күнтiзбелiк отыз күннен астам мерзiмге бұзуы – жиырма айлық есептiк көрсеткiш мөлшерiнде айыппұл салуға әкеп соғады.
Салық есептілігін табыс етуді тоқтату туралы өтінішті берген дара кәсіпкерге қызметті жүзеге асырып, табыс табуға болмайтыны белгілі. Егер де дара кәсіпкер салық есептiлiгiн табыс етудi тоқтата тұру кезеңiнде қызметтi жүзеге асырса, онда ол жауапкершілікке тартылады.
Патент негiзiнде жұмыс істейтін дара кәсіпкер бұл шартты бұзғаны үшін жиырма айлық есептiк көрсеткiш мөлшерiнде айыппұл төлейді. Ал, оңайлатылған декларация негізінде арнаулы салық режимін қолданатын дара кәсіпкердің осындай бұзушылық жасауы – отыз айлық есептiк көрсеткiш мөлшерiнде айыппұл салуға әкеп соғады.