«Сәйкестендiру нөмiрлерiнiң ұлттық тiзiлiмдерi туралы»
Қазақстан Республикасының 2007 жылғы 12 қаңтардағы N 223 Заңы
МАЗМҰНЫ
Осы Заң жеке, заңды тұлға (филиал мен өкiлдiк) үшiн сәйкестендiру нөмiрiн қалыптастырудың негiзiнде сәйкестендiру нөмiрлерiнiң ұлттық тiзiлiмдерiн жасау мен жүргiзудiң мақсаттарын, мiндеттерiн, принциптерi мен құқықтық негiздерiн айқындайды.
1-тарау. ЖАЛПЫ ЕРЕЖЕЛЕР
1-бап. Осы Заңда пайдаланылатын негiзгi ұғымдар
1. Осы Заңда мынадай негiзгi ұғымдар пайдаланылады:
1) бизнес-сәйкестендiру нөмiрi – заңды тұлғаға (филиал мен өкiлдiкке) және бiрлескен кәсiпкерлiк түрiнде қызметiн жүзеге асыратын дара кәсiпкер үшiн қалыптастырылатын бiрегей нөмiр;
2) Бизнес-сәйкестендiру нөмiрлерiнiң ұлттық тiзiлiмi – құрылған және қызметiн тоқтатқан заңды тұлғалар (филиалдар мен өкiлдiктер), қызметiн бiрлескен кәсiпкерлiк түрiнде жүзеге асыратын дара кәсiпкерлер туралы мәлiметтердi есепке алуға және сақтауға, берiлген бизнес-сәйкестендiру нөмiрлерi туралы мәлiметтердi қалыптастыруға және сақтауға арналған ақпараттық жүйе;
3) жеке сәйкестендiру нөмiрi – жеке тұлға, соның iшiнде өзiндiк кәсiпкерлiк түрiнде қызметiн жүзеге асыратын дара кәсiпкер үшiн қалыптастырылатын бiрегей нөмiр;
4) Жеке сәйкестендiру нөмiрлерiнiң ұлттық тiзiлiмi – жеке сәйкестендiру нөмiрлерiнiң тiркеу есебiн жүзеге асыруға арналған ақпараттық жүйе;
5) мемлекеттiк уәкiлеттi орган (бұдан әрi – уәкiлеттi орган) – сәйкестендiру нөмiрлерiн қалыптастыруды және сәйкестендiру нөмiрлерiнiң ұлттық тiзiлiмдерiн жүргiзудi жүзеге асыратын мемлекеттiк орган;
6) сәйкестендiру нөмiрi – сәйкестендiру нөмiрлерiнiң ұлттық тiзiлiмдерiнде белгiлi бiр тұлғаға қатысты мәлiметтер туралы жазбаны жүргiзуге мүмкiндiк беретiн сандық нышандар кезектiлiгi түрiнде көрсетiлген жеке сәйкестендiру нөмiрi немесе бизнес-сәйкестендiру нөмiрi;
7) сәйкестендiру нөмiрi бар құжат – тiркеу органы беретiн, сәйкестендiру нөмiрiнiң бар екендiгiн растайтын құжат;
8) сәйкестендiру нөмiрiн қалыптастыру – нәтижесiнде сәйкестендiру нөмiрлерiнiң ұлттық тiзiлiмдерiнде жеке және заңды тұлғалар (филиалдар мен өкiлдiктер) туралы мәлiметтердiң негiзiнде уәкiлеттi орган сәйкестендiру нөмiрiн құратын процесс;
9) сәйкестендiру нөмiрлерiнiң ұлттық тiзiлiмдерi – жеке және бизнес-сәйкестендiру нөмiрлерiнiң тiркеу есептерiн жүзеге асыруға арналған ақпараттық жүйелер;
10) тiркеушi органдар – мәлiметтердi тiркеудi және сәйкестендiру нөмiрi бар құжаттарды берудi жүзеге асыратын мемлекеттiк органдар.
2. Қазақстан Республикасының сәйкестендiру нөмiрлерiнiң ұлттық тiзiлiмдерi туралы заңнамасының осы бапта көрсетiлмеген арнайы ұғымдары осы Заңның тиiстi баптарында айқындалатын мағыналарда пайдаланылады.
3. Құжаттарда сәйкестендiру нөмiрлерiн көрсеткен кезде:
1) ЖСН – жеке сәйкестендiру нөмiрi үшiн;
2) БСН – бизнес-сәйкестендiру нөмiрi үшiн ресми қысқарту болып танылады.
2-бап. Қазақстан Республикасының сәйкестендiру нөмiрлерiнiң ұлттық тiзiлiмдерi туралы заңнамасы
1. Қазақстан Республикасының сәйкестендiру нөмiрлерiнiң ұлттық тiзiлiмдерi туралы заңнамасы Қазақстан Республикасының Конституциясына негiзделедi және осы Заң мен Қазақстан Республикасының өзге де нормативтiк құқықтық актiлерiнен тұрады.
2. Егер Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шартта осы Заңда көзделгеннен өзгеше ережелер белгiленсе, онда халықаралық шарттың ережелерi қолданылады.
3-бап. Сәйкестендiру нөмiрлерiнiң ұлттық тiзiлiмдерiн жасаудың, жүргiзудiң және сәйкестендiру нөмiрiн қалыптастырудың мақсаты мен мiндеттерi
1. Сәйкестендiру нөмiрлерiнiң ұлттық тiзiлiмдерiн жасау мен жүргiзудiң мақсаты Қазақстан Республикасында сәйкестендiру нөмiрiн енгiзу негiзiнде белгiлi бiр тұлғаға қатысты мәлiметтердi тiркеудiң бiрыңғай жүйесiне көшу болып табылады.
2. Сәйкестендiру нөмiрлерiнiң ұлттық тiзiлiмдерiн жасау мен жүргiзудiң мiндеттерi:
1) мемлекеттiк органдардың ақпараттық дерекқорларына өзектi сипат беру және ақпараттың қайталануын болғызбау;
2) ақпараттық ресурстарды басқару мен пайдалану тетiгiн жетiлдiру;
3) жеке және заңды тұлғалардың мемлекеттiк органдармен өзара қарым-қатынасын олардың жүгiнуi кезiнде рәсiмдердi жеделдету және оңайлату арқылы жетiлдiру болып табылады.
3. Жеке немесе заңды тұлға (филиал мен өкiлдiк) үшiн сәйкестендiру нөмiрiн қалыптастыру сәйкестендiру нөмiрлерiнiң ұлттық тiзiлiмдерiндегi және мемлекеттiк органдар мен өзге де мемлекеттiк мекемелердiң ақпараттық жүйелерiндегi белгiлi бiр жеке немесе заңды тұлғаға (филиал мен өкiлдiкке) қатысты мәлiметтердi сақтау үшiн жүзеге асырылады.
4. Сәйкестендiру нөмiрi:
1) азаматтық хал актiлерiн тiркеу;
2) жеке басты куәландыратын құжаттарды беру;
3) жылжымайтын, жылжымалы мүлiк объектiлерiн, сондай-ақ жылжымайтын заттарға теңестiрiлген өзге де объектiлердi мемлекеттiк тiркеу;
4) Қазақстан Республикасының салық заңнамасына сәйкес салық төлеушi ретiнде тiркеу есебiне қоюға жатпайтын шетелдiктердiң және азаматтығы жоқ тұлғалардың төлемдер мен ақша аударымдарын жүзеге асыруын қоспағанда, төлемдердi және ақша аударымдарын жүзеге асыру, оның iшiнде мiндеттi зейнетақы жарналары мен әлеуметтiк аударымдарды аудару, сондай-ақ салық мiндеттемелерiн орындау;
5) шетелдiк корреспондент-банктердiң корреспонденттiк шоттарын қоспағанда, банктерде және банк операцияларының жекелеген түрлерiн жүзеге асыратын ұйымдарда банк шоттарын ашу және жүргiзу;
6) рұқсат беру сипатындағы құжаттарды беру;
7) тiркеу сипатындағы құжаттарды беру;
8) әскери билеттi, офицердiң жеке куәлiгiн беру;
9) статистикалық тiркелiмдердi жүргiзу;
10) сыртқы экономикалық қызметтi жүзеге асыру;
11) сайлаушыларды сайлауларда және республикалық референдумдарға қатысу кезiнде тiркеу;
12) орталық мемлекеттiк органдар мен өзге де мемлекеттiк мекемелердiң ақпараттық жүйелерiн жүргiзу;
13) заңды тұлғаларды мемлекеттiк тiркеу (қайта тiркеу) немесе филиалдар мен өкiлдiктердi есептiк тiркеу (қайта тiркеу);
14) дара кәсiпкерлердi мемлекеттiк тiркеу (қайта тiркеу) кезiнде;
15) Қазақстан Республикасының заңнамалық актiлерiнде белгiленген басқа да жағдайларда қолданылады.
4-бап. Сәйкестендiру нөмiрлерiнiң ұлттық тiзiлiмдерiн жасау мен жүргiзудiң және сәйкестендiру нөмiрiн қалыптастырудың принциптерi
Сәйкестендiру нөмiрлерiнiң ұлттық тiзiлiмдерiн жасау мен жүргiзу, сәйкестендiру нөмiрiн қалыптастыру заңдылық, бiрлiк, мiндеттiлiк, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын құрметтеу және қорғау, құпиялылық, электрондық ақпараттық ресурстардың тұтастығы мен сақталуын қамтамасыз ету принциптерiне сәйкес жүзеге асырылады.
5-бап. Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң құзыретi
Қазақстан Республикасының Үкiметi:
1) сәйкестендiру нөмiрiн қалыптастыру тәртiбiн белгiлейдi;
2) сәйкестендiру нөмiрлерiнiң ұлттық тiзiлiмдерiн жасау, жүргiзу және пайдалану тәртiбiн белгiлейдi;
3) жеке басын куәландыратын құжаттарды дайындау кезiнде пайдаланылатын интегралдық микросхемаға қойылатын талаптарды айқындайды;
4) өзiне Қазақстан Республикасының Конституциясымен, заңдарымен және Қазақстан Республикасы Президентiнiң актiлерiмен жүктелген өзге де функцияларды орындайды.
6-бап. Уәкiлеттi органның құзыретi
Уәкiлеттi орган:
1) өз құзыретi шегiнде сәйкестендiру нөмiрлерiнiң ұлттық тiзiлiмдерiн жасау, жүргiзу және пайдалану жөнiндегi нормативтiк құқықтық актiлердi әзiрлейдi;
2) сәйкестендiру нөмiрлерiнiң ұлттық тiзiлiмдерiнiң жүргiзiлуiн жүзеге асырады;
3) сәйкестендiру нөмiрiн қалыптастыруды орталықтандырылған түрде жүзеге асырады әрi тiркеушi және басқа да мемлекеттiк органдар мен өзге де мемлекеттiк мекемелерге ақпарат бередi;
4) сәйкестендiру нөмiрi бар құжаттардың әзiрленуiн ұйымдастыруды жүзеге асырады;
5) сәйкестендiрiлген деректердiң сыныптауыштары мен анықтамаларын жүргiзу тәртiбiн, олардың құрылымын, құрамы мен форматын белгiлейдi;
6) осы Заңда, Қазақстан Республикасының өзге де заңдарында, Қазақстан Республикасы Президентiнiң және Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң актiлерiнде көзделген өзге де өкiлеттiктердi жүзеге асырады.
7-бап. Сәйкестендiру нөмiрлерiнiң ұлттық тiзiлiмдерiн жүргiзу
1. Сәйкестендiру нөмiрлерiнiң ұлттық тiзiлiмдерiн жүргiзу тиiстi ақпараттық жүйелермен қамтамасыз етiледi.
2. Сәйкестендiру нөмiрлерiнiң ұлттық тiзiлiмдерi тек қана мемлекеттiк органдар мен өзге де мемлекеттiк мекемелердiң ақпараттық жүйелерi үшiн ақпараттық ресурс болып табылады.
3. Сәйкестендiру нөмiрлерiнiң ұлттық тiзiлiмдерi:
1) жеке тұлғаның туған күнi, жынысы, заңды тұлғаны (филиал мен өкiлдiктi) және бiрлескен кәсiпкерлiк түрiндегi дара кәсiпкерлiктi мемлекеттiк тiркеу туралы деректердi қамтитын сәйкестендiру нөмiрлерi туралы мәлiметтердi;
2) тiркеушi және басқа да мемлекеттiк органдар мен өзге де мемлекеттiк мекемелерден алынатын мәлiметтердi;
3) сәйкестендiру нөмiрлерiнiң ұлттық тiзiлiмдерiнiң құрамына кiретiн мәлiметтердiң барлық өзгерiстерi туралы ақпаратты қамтиды.
8-бап. Сәйкестендiру нөмiрлерiнiң ұлттық тiзiлiмдерiн жүргiзудi жүзеге асыратын мемлекеттiк органдар мен өзге де мемлекеттiк мекемелердiң мiндеттерi
1. Уәкiлеттi орган :
1) тiркеушi органдар өтiнiш берген кезден бастап бiр жұмыс күнi iшiнде сәйкестендiру нөмiрiн қалыптастыруды;
2) тiркеушi мемлекеттiк органдар мен өзге де мемлекеттiк мекемелерге олар өтiнiш берген кезден бастап екi жұмыс күнiнен кешiктiрмей ақпарат берудi жүзеге асыруға мiндеттi.
2. Тiркеушi органдар:
1) сәйкестендiру нөмiрiн қалыптастыру үшiн уәкiлеттi мемлекеттiк органға мәлiметтердi, осындай мәлiметтер келiп түскен кезден бастап бiр жұмыс күнi iшiнде уақтылы ұсынуды;
2) сәйкестендiру нөмiрлерiнiң ұлттық тiзiлiмдерi ақпараттық жүйелерiнiң деректерiн толықтыру және өзектiлiк жағдайда ұстау үшiн уәкiлеттi органға мәлiметтердi, осындай мәлiметтер келiп түскен кезден бастап бiр жұмыс күнi iшiнде ұсынуды;
3) сәйкестендiру нөмiрлерiнiң ұлттық тiзiлiмдерiнен сәйкестендiру нөмiрлерiн алып тастау немесе шартты түрде алып тастау үшiн уәкiлеттi органға мәлiметтердi, осындай мәлiметтер келiп түскен кезден бастап бiр жұмыс күнi iшiнде ұсынуды жүзеге асыруға мiндеттi.
3. Мемлекеттiк органдар және өзге де мемлекеттiк мекемелер:
1) сәйкестендiру нөмiрлерiнiң ұлттық тiзiлiмдерiнiң ақпараттық жүйелерiнiң деректерiн толықтыру және өзектiлiк жағдайда ұстау үшiн уәкiлеттi органға Қазақстан Республикасының Yкiметi белгiлеген мәлiметтердi, осындай мәлiметтер келiп түскен кезден бастап бiр жұмыс күнi iшiнде ұсынуды;
2) сәйкестендiру нөмiрлерiнiң ұлттық тiзiлiмдерiнен сәйкестендiру нөмiрлерiн алып тастау немесе шартты түрде алып тастау үшiн уәкiлеттi органға мәлiметтердi, осындай мәлiметтер келiп түскен кезден бастап бiр жұмыс күнi iшiнде ұсынуды жүзеге асыруға мiндеттi.
4. Сәйкестендiру нөмiрлерi ұлттық тiзiлiмдерiнiң ақпараттық ресурстарындағы ақпаратты қорғауды қамтамасыз ету Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады.
5. Сәйкестендiру нөмiрлерiнiң ұлттық тiзiлiмдерiн жүргiзу бюджет қаражаты есебiнен жүзеге асырылады .
2-тарау. СӘЙКЕСТЕНДIРУ НӨМIРIН ҚАЛЫПТАСТЫРУ,
АЛЫП ТАСТАУ НЕМЕСЕ ШАРТТЫ ТҮРДЕ АЛЫП ТАСТАУ
9-бап. Сәйкестендiру нөмiрiн қалыптастыру
1. Сәйкестендiру нөмiрiн интегралдық микросхемаға енгiзудi Қазақстан Республикасының Үкiметi айқындайтын тәртiппен уәкiлеттi орган қамтамасыз етедi.
2. Жеке сәйкестендiру нөмiрiн қамтитын интегралдық микросхема осы баптың 3-тармағының 2)-7) тармақшаларында көрсетiлген жеке басты куәландыратын құжаттарға орналастырылады.
3. Мыналар:
1) туу туралы куәлiк;
2) Қазақстан Республикасы азаматының паспорты;
3) Қазақстан Республикасы азаматының жеке куәлiгi;
4) шетелдiктiң Қазақстан Республикасында тұруына ықтиярхат;
5) азаматтығы жоқ адамның куәлiгi;
6) Қазақстан Республикасының дипломатиялық паспорты;
7) Қазақстан Республикасының қызметтiк паспорты;
8) жеке басты куәландыратын құжаттары болмаған жағдайда, шетелдiктер мен азаматтығы жоқ адамдар үшiн тiркеу куәлiгi жеке сәйкестендiру нөмiрi бар құжаттар болып табылады.
4. Бизнес-сәйкестендiру нөмiрi бар құжаттар:
1) бiрлескен дара кәсiпкерлiк түрiнде қызметiн жүзеге асыратын дара кәсiпкерлер үшiн – дара кәсiпкер ретiнде мемлекеттiк тiркеу туралы куәлiк;
2) резидент заңды тұлғалар, олардың филиалдары (өкiлдiктерi) үшiн – заңды тұлғаны мемлекеттiк тiркеу (қайта тiркеу) туралы анықтама, филиалды (өкiлдiктi) есептiк тiркеу (қайта тiркеу) туралы анықтама;
3) қызметiн филиал мен өкiлдiк арқылы (тұрақты мекеме құра отырып) Қазақстан Республикасында жүзеге асыратын резидент емес заңды тұлғалар үшiн – филиалды (өкiлдiктi) есептiк тiркеу (қайта тiркеу) туралы анықтама;
4) “Салық және бюджетке төленетiн басқа да мiндеттi төлемдер туралы” Қазақстан Республикасы кодексiнiң (Салық кодексi) 197-бабының 5-тармағына сәйкес салық агенттерi болып табылатын;
Қазақстан Республикасында салық салу объектiлерiн иеленушi;
Қазақстан Республикасында аккредиттелген шетел мемлекетiнiң дипломатиялық және оған теңестiрiлген өкiлдiктерi болып табылатын;
“Салық және бюджетке төленетiн басқа да мiндеттi төлемдер туралы” Қазақстан Республикасы кодексi (Салық кодексi) 191-бабының 8-тармағына сәйкес өзiнiң тұрақты мекемесi ретiнде қаралатын тәуелдi агентi арқылы қызметiн жүзеге асыратын резидент емес заңды тұлғалар үшiн — тiркеу куәлiгi болып табылады;
5. Мемлекеттiк органдар мен өзге де мемлекеттiк мекемелер Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес тiркеу, рұқсат беру және өзге де сипаттағы құжаттарды берген кезде сәйкестендiру нөмiрiн ескеруге мiндеттi.
Банктер мен банк операцияларының жекелеген түрлерiн жүзеге асыратын ұйымдар сәйкестендiру нөмiрiн ескеруге, сондай-ақ Қазақстан Республикасының заңнамасында белгiленген сәйкестендiру нөмiрiн қалыптастыру алгоритмiне сәйкес дұрыс көрсетiлуiн бақылауға мiндеттi.
6. Жеке сәйкестендiру нөмiрiн қалыптастыру:
1) Қазақстан Республикасының азаматтары үшiн:
туу туралы куәлiктi;
Қазақстан Республикасы азаматының паспортын;
Қазақстан Республикасы азаматының жеке куәлiгiн беру кезiнде;
2) шетелдiк үшiн шетелдiктiң Қазақстан Республикасында тұруына ықтиярхат беру немесе тiркеу куәлiгiн беру кезiнде;
3) азаматтығы жоқ адамдар үшiн көшi-қон полициясы органдарында тiркеу кезiнде берiлетiн азаматтығы жоқ адамның куәлiгiн немесе тiркеу куәлiгiн беру кезiнде жүзеге асырылады.
Бала асырап алу жағдайларынан басқа, осы тармақта көрсетiлген құжаттарды қайтадан және одан кейiн беру кезiнде жаңа жеке сәйкестендiру нөмiрiн қалыптастыру жүргiзiлмейдi.
7. Өзiндiк кәсiпкерлiк түрiнде қызметiн жүзеге асыратын жеке тұлғаны дара кәсiпкер ретiнде тiркеу жеке сәйкестендiру нөмiрi бойынша жүргiзiледi.
Өзiндiк кәсiпкерлiк түрiнде қызметiн жүзеге асыратын дара кәсiпкер ретiнде мемлекеттiк тiркеу кезiнде жаңа жеке сәйкестендiру нөмiрi берiлмейдi.
8. Бизнес-сәйкестендiру нөмiрiн қалыптастыру:
1) бiрлескен дара кәсiпкерлiк түрiнде қызметiн жүзеге асыратын дара кәсiпкерлер үшiн бiрлескен дара кәсiпкерлiктi мемлекеттiк тiркеу кезiнде бiр мезгiлде;
2) резидент заңды тұлғалар, олардың филиалдары мен өкiлдiктерi үшiн оларды тiркеу кезiнде бiр мезгiлде;
3) Қазақстан Республикасында филиалдар мен өкiлеттiктер арқылы (тұрақты мекеме құра отырып) қызметiн жүзеге асыратын резидент емес заңды тұлғалар үшiн оларды есептiк тiркеу кезiнде бiр мезгiлде;
4) “Салық және бюджетке төленетiн басқа да мiндеттi төлемдер туралы” Қазақстан Республикасы Кодексiнiң (Салық кодексiнiң) 197-бабының 5-тармағына сәйкес салық агенттерi болып табылатын;
шетел мемлекетiнiң Қазақстан Республикасында аккредиттелген дипломатиялық және оларға теңестiрiлген өкiлдiктерi болып табылатын;
“Салық және бюджетке төленетiн басқа да мiндеттi төлемдер туралы” Қазақстан Республикасы Кодексiнiң (Салық кодексiнiң) 191-бабының 8-тармағына сәйкес өзiнiң тұрақты мекемесi ретiнде қаралатын тәуелдi агентi арқылы қызметiн жүзеге асыратын;
филиал, өкiлдiк ашпай тұрақты мекеме арқылы қызметiн жүзеге асыратын;
Қазақстан Республикасында салық салу объектiлерiн иеленушi;
резидент-банктерде ағымдағы шоттар ашатын резидент емес заңды тұлғаларды салық төлеушi ретiнде салық органында тiркеу кезiнде жүзеге асырылады.
9. Сәйкестендiру нөмiрiнiң құрылымына кiретiн мәлiметтер өзгерген жағдайда қайта тiркеу рәсiмi жүргiзiлмейдi.
10. Жеке және заңды тұлғалардың (филиалдар мен өкiлдiктердiң) сәйкестендiру нөмiрiн қалыптастыруға арналған өтiнiштерiн тiркеу не қабылдау:
1) тұрғылықты жерi бойынша:
Қазақстан Республикасының азаматтары үшiн;
2) келген жерi бойынша:
Қазақстан Республикасында тұрақты тұратын немесе уақытша тұрып жатқан шетелдiктер мен азаматтығы жоқ адамдар үшiн;
3) бiрлескен дара кәсiпкерлiктiң уәкiлеттi адамының тұрғылықты жерi бойынша;
4) орналасқан жерi бойынша:
заңды тұлғалар (филиалдар мен өкiлдiктер) үшiн, соның iшiнде Қазақстан Республикасында тұрақты мекеме арқылы қызметiн жүзеге асыратын резидент емес заңды тұлғалар үшiн;
5) “Салық және бюджетке төленетiн басқа да мiндеттi төлемдер туралы” Қазақстан Республикасы Кодексiнiң (Салық кодексiнiң) 197-бабының 5-тармағына сәйкес салық агентi болып табылатын резиденттiң немесе мүлкi резидент емес заңды тұлғаның сатылған акцияларының, қатысу үлестерiнiң немесе активтерiнiң құнының 50 процентiн және одан астамын құрайтын, Қазақстан Республикасында жер қойнауын пайдалану құқығын иеленушi консорциумның орналасқан жерi бойынша;
6) салық салу объектiлерiнiң орналасқан және (немесе) тiркелген жерi бойынша:
Қазақстан Республикасында салық салынатын объектiлердi сатып алатын және (немесе) оларға иелiк ететiн резидент еместер үшiн;
7) резидент-банктiң орналасқан жерi бойынша:
резидент-банктерде ағымдағы шоттарын ашатын және осы тармақтың 2)-6) тармақшаларында көзделген негiздер бойынша сәйкестендiру нөмiрi қалыптастырылмайтын резидент еместер үшiн жүзеге асырылады .
10-бап. Сәйкестендiру нөмiрлерiнiң ұлттық тiзiлiмдерiнен сәйкестендiру нөмiрiн алып тастау немесе шартты түрде алып тастау
1. Жеке сәйкестендiру нөмiрлерiнiң ұлттық тiзiлiмдерiнен жеке сәйкестендiру нөмiрi:
1) жеке тұлға қайтыс болғанда;
2) жеке тұлғаны қайтыс болды деп жариялау туралы соттың шешiмi күшiне енгенде;
3) жеке тұлға шетелге тұрақты тұруға кеткен және азаматтығын ауыстырған кезде;
4) резидент емес жеке тұлға резидент-банктегi ағымдағы шотын жапқан жағдайда;
5) резидент емес жеке тұлғаның салық салынатын объектiлерге және салық салуға байланысты oбъектiлерге құқығы тоқтатылған кезде;
6) резидент емес жеке тұлға Қазақстан Республикасында кәсiпкерлiк қызметiн тоқтатқан және Қазақстан Республикасынан кетiп қалған жағдайда алып тасталады .
Жеке тұлғаны қайтыс болды деп жариялау туралы сот шешiмiнiң күшi жойылған жағдайда, сәйкестендiру нөмiрлерiнiң ұлттық тiзiлiмдерiнен бұрын алып тасталған жеке сәйкестендiру нөмiрi қайта қалпына келтiрiлуге тиiс.
2. Жеке сәйкестендiру нөмiрi:
1) ол туралы мәлiметтер өз құзыретi шегiнде құқықтық статистика және арнайы есепке алу саласында статистикалық қызметтi жүзеге асыратын мемлекеттiк орган белгiлеген тәртiппен, көлемде және мерзiмде ұсынылатын жеке тұлғаны хабарсыз кеткен деп тану туралы сот шешiмi күшiне енгеннен кейiн;
2) резидент еместер Қазақстан Республикасынан кеткен кезде;
3) асырап алынған бала туралы мәлiметтер, оның дербес деректерi өзгерген кезде бала асырап алу туралы сот шешiмi күшiне енгеннен кейiн Жеке сәйкестендiру нөмiрлерiнiң ұлттық тiзiлiмiнен шартты түрде алып тасталады.
Шетелдiктер мен азаматтығы жоқ адамдарды қайтадан және одан кейiн тiркеу кезiнде, сондай-ақ бала асырап алу жарамсыз деп танылған жағдайда, бұрын қалыптастырылған жеке сәйкестендiру нөмiрi бар құжат берiледi.
3. Бизнес-сәйкестендiру нөмiрлерiнiң ұлттық тiзiлiмiнен бизнес-сәйкестендiру нөмiрi:
1) заңды тұлға (филиал, өкiлдiк) таратылған кезде;
2) бiрлескен дара кәсiпкерлiк түрiнде қызметiн жүзеге асыратын дара кәсiпкер кәсiпкерлiк қызметiн жүзеге асыруды тоқтатқан кезде;
3) резидент емес заңды тұлғаның салық салу объектiлерiне және салық салумен байланысты объектiлерге құқығы тоқтатылған кезде;
4) резидент емес заңды тұлға резидент-банктегi ағымдағы шотын жапқан жағдайда;
5) резидент емес заңды тұлға Қазақстан Республикасында кәсiпкерлiк қызметiн тоқтатқан және Қазақстан Республикасынан кетiп қалған жағдайда алып тасталады .
4. Бизнес-сәйкестендiру нөмiрлерiнiң ұлттық тiзiлiмiнен бизнес-сәйкестендiру нөмiрiн шартты түрде алып тастау жүргiзiлмейдi.
5. Сәйкестендiру нөмiрлерiнiң ұлттық тiзiлiмдерiнен сәйкестендiру нөмiрiн алып тастау немесе шартты түрде алып тастау мемлекеттiк органдардың, жеке және заңды тұлғалардың өтiнiштерi негiзiнде жүргiзiледi. Алып тасталған немесе шартты түрде алып тасталған сәйкестендiру нөмiрлерi сәйкестендiру нөмiрлерiнiң ұлттық тiзiлiмдерiнiң ақпараттық жүйелерiнiң базасында сақталуға тиiс.
11-бап. Мәлiметтер құпиясы
1. Сәйкестендiру нөмiрлерiнiң ұлттық тiзiлiмдерiнде қамтылған, жалпыға қолжетiмдi болып табылатын ақпараттан басқа, мәлiметтер:
1) уәкiлеттi органның жазбаша рұқсатының негiзiнде сәйкестендiру нөмiрлерiнiң ұлттық тiзiлiмдерiнiң ақпараттық жүйелерi деректерiн өзектiлiк жағдайда ұстау мақсатында тiркеушi органдарға ;
2) заңға сәйкес қылмыстық қудалауды жүзеге асыратын органдарға;
3) қылмыс жасағаны және өзге де құқық бұзғаны үшiн жауаптылық белгiлеу туралы iстердi қарау барысында соттарға;
4) Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген өзге де реттерде мәлiметтердi беру жағдайларын қоспағанда, жария етуге жатпайды.
2. Жалпыға қолжетiмдi ақпаратты қоспағанда, жеке немесе заңды тұлғаға қатысты ақпарат жеке немесе заңды тұлғаның жазбаша келiсiмiнсiз басқа тұлғаға берiлуi мүмкiн емес.
3. Жеке және заңды тұлғалар туралы мәлiметтердi қамтитын ақпараттық жүйелердiң мемлекеттiк дерекқорының құжаттарын немесе өзге де ақпарат жеткiзгiштердi жоғалтуға, сол сияқты қызметтiк iс-әрекетiне байланысты аталған ақпаратқа қол жеткiзе алатын адамдардың оларды заңсыз өзгертуiне жол берiлмейдi.
12-бап. Қазақстан Республикасының сәйкестендiру нөмiрлерiнiң ұлттық тiзiлiмдерi туралы заңнамасын бұзғаны үшiн жауаптылық
Қазақстан Республикасының сәйкестендiру нөмiрлерiнiң ұлттық тiзiлiмдерi туралы заңнамасын бұзу Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес жауаптылыққа әкеп соғады.
13-бап. Осы Заңды қолданысқа енгiзу тәртiбi
1. Осы Заң, 2013 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгiзiлетiн осы Заңның 3-бабы 4-тармағының 4) және 5) тармақшаларын, 9-бабы 5-тармағының екiншi бөлiгiн қоспағанда, ресми жарияланған күнiнен бастап қолданысқа енгiзiледi.
2. Осы Заң қолданысқа енгiзiлген күннен бастап алты ай өткен соң жеке және заңды тұлғалар (филиалдар мен өкiлдiктер), сондай-ақ дара кәсiпкерлер сәйкестендiру нөмiрлерiн қалыптастыру және бұрын берiлген құжаттарын Қазақстан Республикасының Үкiметi белгiлеген тәртiппен қайта ресiмдеу үшiн тiркеушi органдарға өтiнiш беруге мiндеттi.
3. Туу туралы куәлiктi қоспағанда, осы Заңның 9-бабының 3 және 4-тармақтарында көрсетiлген құжаттарда қалыптастырылған сәйкестендiру нөмiрi болмаған жағдайда, 2013 жылғы 1 қаңтардан бастап олар жарамсыз деп танылады.
2013 жылғы 1 қаңтарға дейiн Кәсiпорындар мен ұйымдардың жалпы сыныптауышының сәйкестендiру коды, салық төлеушiнiң тiркеу нөмiрi, әлеуметтiк жеке коды пайдаланылады.
4. Жинақтаушы зейнетақы қорлары мен салымшылар арасында жеке сәйкестендiру нөмiрiн қалыптастырғанға дейiн жасалған зейнетақымен қамсыздандыру туралы шарттар оларға жеке сәйкестендiру нөмiрiн растайтын құжаттың көшiрмелерiн қоса тiркеген жағдайда күшiнде қала бередi не оларға жеке сәйкестендiру нөмiрiн енгiзу үшiн шарттар қайтадан жасалуы мүмкiн.
Мiндеттi зейнетақы жарналарын төлеу жөнiндегi агенттер жеке сәйкестендiру нөмiрiн бұрын берiлген әлеуметтiк жеке кодымен қатар есепке алуға мiндеттi.
Осы Заң қолданысқа енгiзiлген күнiнен бастап алты ай өткеннен кейiн жасалатын зейнетақымен қамсыздандыру туралы шарттарда, ол болған жағдайда, жеке тұлғаның жеке сәйкестендiру нөмiрi көрсетiледi.
5. Қайта ресiмдеу кезiнде осы Заңның 9-бабының 3 және 4-тармақтарында көрсетiлген сәйкестендiру нөмiрi бар құжаттарды беру бұрын берiлген құжаттарды тiркеушi органға тапсырған жағдайда, бюджет қаражаты есебiнен жүргiзiледi.
Қазақстан Республикасының