“Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсiпкерлер палатасы туралы” Қазақстан Республикасының 2013 жылғы 4 шiлдедегi № 129-V Заңы

МАЗМҰНЫ
Осы Заң Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсiпкерлер палатасының құрылуына және қызметiне, Қазақстан Республикасында кәсiпкерлiктi дамытуға байланысты туындайтын қоғамдық қатынастарды реттейдi.

1-тарау. ЖАЛПЫ ЕРЕЖЕЛЕР

1-бап. Осы Заңда пайдаланылатын негiзгi ұғымдар
Осы Заңда мынадай негiзгi ұғымдар пайдаланылады:
1) кәсiпкерлiк субъектiлерi – Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес тiркелген және Қазақстан Республикасының аумағында кәсiпкерлiк қызметтi жүзеге асыратын коммерциялық заңды тұлғалар, дара кәсiпкерлер, шаруа (фермер) қожалықтары;
2) Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсiпкерлер палатасы (бұдан әрi – Ұлттық палата) – Қазақстан Республикасының бизнес қоғамдастығы мен мемлекеттiк билiк органдары арасында кәсiпкерлiк бастаманы iске асыру және өзара тиiмдi әрiптестiктi дамыту үшiн қолайлы құқықтық, экономикалық және әлеуметтiк жағдайлар жасауды қамтамасыз ету, сондай-ақ дара кәсiпкерлердiң және (немесе) заңды тұлғалардың қауымдастық (одақ) нысанындағы бiрлестiктерiнiң (бұдан әрi – қауымдастық (одақ) қызметiн ынталандыру және қолдау мақсатында құрылған, кәсiпкерлiк субъектiлерi одағын бiлдiретiн коммерциялық емес, өзiн-өзi реттейтiн ұйым;
3) қоғамдық мониторинг – Ұлттық палатаның ақпаратты жинау, жүйелеу, талдау және қорыту, оның iшiнде шешiлуiне нормативтiк құқықтық акт бағытталған проблемалар мен мiндеттердiң шешiлу дәрежесiне қол жеткiзудi, сондай-ақ Қазақстан Республикасындағы кәсiпкерлiктiң жағдайына оның әсерiн бағалау жөнiндегi қызметi;
4) мiндеттi мүшелiк жарналар – кәсiпкерлiк субъектiлерiнiң осы Заңға сәйкес белгiленген тәртiппен және мөлшерде Ұлттық палатаға төлейтiн жыл сайынғы жарналары;
5) өзiн-өзi реттейтiн ұйым – осы Заңда көзделген мақсатта құрылған, кәсiпкерлiк субъектiлерiнiң бiрлiгi қағидаты бойынша олардың мүшелiгiне негiзделген коммерциялық емес ұйым;
6) Ұлттық палата жүйесiндегi аккредиттеу – қауымдастықтардың (одақтардың) Ұлттық палатаның басқару органдарында және жұмыс органдарында кәсiпкерлiк субъектiлерiнiң мүдделерiн бiлдiрудiң белгiленген критерийлерiне сәйкестiгiн Ұлттық палатаның тануы;
7) «Iскерлiк ахуал» рейтингi – орталық мемлекеттiк және жергiлiктi атқарушы органдар жұмысының нәтижелерiн бағалау және салыстыру үшiн жүргiзiлетiн, нормативтiк құқықтық актiлер мен реттеу құралдарының реттеушiлiк ықпалын жария талдау, сондай-ақ қалыптасқан құқық қолдану практикасын талдау нәтижелерiне негiзделген кәсiпкерлiк қызметтi жүргiзу шарттарын тәуелсiз зерттеу.
2-бап. Қазақстан Республикасының Ұлттық палата туралы заңнамасы
1. Қазақстан Республикасының Ұлттық палата туралы заңнамасы Қазақстан Республикасының Конституциясына негiзделедi және Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексiнен, осы Заңнан және Қазақстан Республикасының өзге де нормативтiк құқықтық актiлерiнен тұрады.
2. Егер Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шартта осы Заңда көзделгеннен өзге қағидалар белгiленсе, онда халықаралық шарттың қағидалары қолданылады.
3-бап. Ұлттық палатаның мақсаты, мiндеттерi және жүйесi
1. Ұлттық палатаны құрудың мақсаты Қазақстан Республикасында кәсiпкерлiктiң өсуi мен одан әрi дамуы үшiн институционалдық негiздердi қалыптастыру болып табылады.
2. Ұлттық палатаның мiндеттерi:
1) кәсiпкерлiк қоғамдастықты шоғырландыру;
2) кәсiпкерлiк субъектiлерiнiң құқықтары мен заңды мүдделерiн бiлдiру, қамтамасыз ету және қорғау;
3) кәсiпкерлiк субъектiлерi мен олардың қауымдастықтарының (одақтарының) мемлекеттiк органдармен өзара тиiмдi iс-қимылын ұйымдастыру;
4) Қазақстан Республикасында кәсiпкерлiк бастаманы iске асыру үшiн қолайлы құқықтық, экономикалық және әлеуметтiк жағдайлар жасауға жәрдемдесу;
5) кәсiпкерлiк мүдделерiн қозғайтын Қазақстан Республикасының заңнамасын жетiлдiру процесiне қатысу;
6) Қазақстан Республикасының заңнамалық актiлерiнде көзделген өзге де мiндеттер болып табылады.
3. Ұлттық палата жүйесiне:
1) республикалық деңгейде:
Ұлттық палата;
Ұлттық палатада аккредиттелген республикалық салааралық, салалық қауымдастықтар (одақтар), сондай-ақ шағын, орта және (немесе) iрi кәсiпкерлiктiң республикалық қауымдастықтары (одақтары);
2) аумақтық деңгейде:
облыстар, республикалық маңызы бар қалалар және астана кәсiпкерлерiнiң палаталары (бұдан әрi – өңiрлiк палаталар);
өңiрлiк палаталарда аккредиттелген өңiрлiк салааралық, өңiрлiк салалық қауымдастықтар (одақтар), сондай-ақ шағын, орта және (немесе) iрi кәсiпкерлiктiң өңiрлiк қауымдастықтары (одақтары);
өңiрлiк палаталарда аккредиттелген облыстардағы, облыстық, республикалық маңызы бар қалалардағы және астанадағы қауымдастықтар (одақтар);
өңiрлiк палаталарда аккредиттелген аудандардағы, аудандық маңызы бар қалалардағы қауымдастықтар (одақтар);
3) аудандық деңгейде:
тиiстi облыстың, облыстық, республикалық маңызы бар қалалардың және астананың аудандарындағы, сондай-ақ аудандық маңызы бар қалалардағы өңiрлiк палаталардың филиалдары (бұдан әрi – өңiрлiк палаталардың филиалдары);
4) осы Заңның мақсаттарын iске асыру үшiн құрылған, Ұлттық палата құрылтайшы ретiнде қатысатын заңды тұлғалар;
5) Ұлттық палатаның шет мемлекет аумағындағы филиалдары мен өкiлдiктерi кiредi.
4-бап. Ұлттық палата қызметiнiң қағидаттары
1. Ұлттық палатаның қызметi мынадай:
1) дербестiк;
2) барлық кәсiпкерлiк субъектiлерiнiң тең құқылығы;
3) мемлекеттiң iшкi және сыртқы саясатының негiзгi бағыттарына қайшы келмейтiн шешiмдердi қабылдау;
4) өзiн-өзi реттеушiлiк;
5) қызметiнiң ашықтығы, өз мүшелерi алдында есеп берушiлiк, жауаптылық
6) шешiмдер қабылдаудағы және оларды iске асырудағы тиiмдiлiк, жүйелiлiк және жеделдiк;
7) салааралық, салалық және өңiрлiк қауымдастықтарды (одақтарды) дамыту;
8) бизнестiң әлеуметтiк жауаптылығы;
9) тауарларды, жұмыстар мен көрсетiлетiн қызметтердi өндiрушiлер өндiретiн тауарлардың, жұмыстар мен көрсетiлетiн қызметтердiң адам өмiрi мен денсаулығына және қоршаған ортаға қауiпсiздiгiн қамтамасыз етуге ықпал жасау;
10) қоғам мен кәсiпкерлiк мүдделерiнiң теңгерiмiн қамтамасыз ету қағидаттарына негiзделедi.
2. Ұлттық палата, Қазақстан Республикасының заңнамасында өзге коммерциялық емес ұйымдарға мiндеттi түрде мүше болу белгiленген кәсiпкерлiк субъектiлерiн, сондай-ақ мемлекеттiк кәсiпорындарды қоспағанда, оған Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес тiркелген (есептiк тiркеуден өткен) кәсiпкерлiк субъектiлерiнiң мүше болуының мiндеттiлiгi қағидаты бойынша құрылады.

2-тарау. ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ҮКIМЕТIМЕН, МЕМЛЕКЕТТIК ОРГАНДАРМЕН, ҚАУЫМДАСТЫҚТАРМЕН (ОДАҚТАРМЕН), ҰЛТТЫҚ ПАЛАТА ҚҰРЫЛТАЙШЫ РЕТIНДЕ ҚАТЫСАТЫН ЗАҢДЫ ТҰЛҒАЛАРМЕН ӨЗАРА IС-ҚИМЫЛ

5-бап. Қазақстан Республикасының Үкiметiмен, мемлекеттiк органдармен өзара iс-қимыл
1. Қазақстан Республикасының Үкiметi:
1) мiндеттi мүшелiк жарналардың шектi мөлшерлерiн бекiтедi;
2) Ұлттық палатаға мiндеттi мүшелiк жарналарды төлеу тәртiбiн айқындайды;
3) өзiне Конституциямен, осы Заңмен, Қазақстан Республикасының өзге де заңдарымен және Қазақстан Республикасы Президентiнiң актiлерiмен жүктелген өзге де функцияларды орындайды.
2. Қазақстан Республикасының Үкiметi мен Ұлттық палатаның өзара iс-қимылы оны құру мақсатына және оның мiндеттерiне қол жеткiзуге бағытталған.
3. Ұлттық палатаның Қазақстан Республикасының Үкiметiмен және мемлекеттiк органдармен өзара iс-қимылы осы Заңда және өзге де нормативтiк құқықтық актiлерде көзделген тәртiппен:
1) жеке кәсiпкерлiк субъектiлерiнiң мүдделерiн қозғайтын нормативтiк құқықтық актiлердiң жобаларын әзiрлеуге және оларға сараптама жасауға Ұлттық палатаның қатысуы нысанында;
2) Ұлттық палатаның орталық және жергiлiктi мемлекеттiк органдардың қатысуымен консультациялық-кеңесшi органдарды құруы нысанында;
3) орталық және жергiлiктi мемлекеттiк органдар жанынан кәсiпкерлiк субъектiлерiнiң құқықтары мен мiндеттерiн қозғайтын мәселелер бойынша құрылатын консультациялық-кеңесшi органдардың жұмысына Ұлттық палатаның қатысуы нысанында;
4) Ұлттық палатаны құрудың мақсатын, оның мiндеттерi мен функцияларын iске асыруға бағытталған өзге де нысандарда жүзеге асырылады.
4. Коммерциялық, банктiк және заңмен қорғалатын өзге де құпияны құрайтын мәлiметтердi қоспағанда, мемлекеттiк органдар Ұлттық палатаның сұрау салуы бойынша Қазақстан Республикасы кәсiпкерлерiнiң құқықтары мен мiндеттерiн қозғайтын ақпаратты Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген тәртiппен ұсынуға мiндеттi.
6-бап. Ұлттық палатаның қауымдастықтармен (одақтармен) өзара iс-қимылы
1. Ұлттық палата осы Заңда белгiленген мақсаттарға қол жеткiзу және мiндеттердi шешу үшiн қауымдастықтармен (одақтармен), оның iшiнде кәсiпкерлердiң салалық, салааралық, өңiрлiк қауымдастықтарымен (одақтарымен), сондай-ақ шағын, орта және (немесе) iрi кәсiпкерлiк жөнiндегi қауымдастықтармен (одақтармен) өзара iс-қимыл жасайды.
2. Осы баптың 1-тармағында көрсетiлген, өз мүшелерiнiң мүдделерiн бiлдiретiн қауымдастықтар (одақтар):
1) Ұлттық палата төралқасында көзделген тәртiппен Ұлттық палата жүйесiнде аккредиттеуден өтуге;
2) Ұлттық палатаның қызметiн жетiлдiру жөнiнде ұсыныстар енгiзуге;
3) Ұлттық палата тарапынан кәсiптiк қолдауды, сондай-ақ оның жарғысында көзделген көрсетiлетiн қызметтердi пайдалануға;
4) Ұлттық палатаға жазбаша сұрау салу арқылы өтiнiш жасауға және дәлелдi жауаптар алуға;
5) өз өкiлдерiн Ұлттық палата ұйымдастыратын оқытуға, қайта даярлауға, бiлiктiлiгiн арттыруға жiберуге;
6) бiлiктi ақпараттық-талдамалық қолдау алуға;
7) Қазақстан Республикасының Конституциясында кепiлдiк берiлген және Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген өзге де құқықтарды пайдалануға құқылы.
3. Осы баптың 1-тармағында көрсетiлген, Ұлттық палатада аккредиттеуден өткен қауымдастықтар (одақтар) осы Заңда белгiленген тәртiппен:
1) Ұлттық палата съезiнiң
2) Ұлттық палата төралқасының
3) Ұлттық палата төралқасы комитеттерiнiң жұмысына қатысуға құқылы.
4. Ұлттық палата осы Заңда және Қазақстан Республикасының өзге де заңнамалық актiлерiнде көзделген функцияларды жүзеге асыруға Ұлттық палатада аккредиттелген қауымдастықтарды (одақтарды) шарттық негiзде тартуға құқылы.
5. Осы баптың 1-тармағында көрсетiлген, өңiрлiк палатада аккредиттеуден өткен қауымдастықтар (одақтар) осы Заңда белгiленген тәртiппен өңiрлiк кеңестер құрамына кандидаттар ұсынуға құқылы.
6. Өңiрлiк палаталар өңiрлiк палатаның жарғысында белгiленген өз құзыретi шеңберiнде осы Заңда және Қазақстан Республикасының өзге де заңнамалық актiлерiнде көзделген функцияларды жүзеге асыруға өңiрлiк палатада аккредиттелген қауымдастықтарды (одақтарды) шарттық негiзде тартуға құқылы.
7-бап. Ұлттық палата құрылтайшы ретiнде қатысатын заңды тұлғалармен Ұлттық палатаның өзара iс-қимылы
1. Осы Заңда белгiленген мақсаттарда Ұлттық палата Ұлттық палатаның жүйесiне кiретiн заңды тұлғаларды құруға құқылы.
2. Осы баптың 1-тармағында көрсетiлген заңды тұлғалардың мақсаттарын, мiндеттерiн және қызмет түрлерiн Ұлттық палата айқындайды.

3-тарау. ҰЛТТЫҚ ПАЛАТАНЫҢ ҚҰЗЫРЕТI

8-бап. Ұлттық палатаның функцияларын жүзеге асыру тәртiбi
1. Ұлттық палата осы Заңда және Қазақстан Республикасының өзге де заңнамалық актiлерiнде көзделген функцияларды жүзеге асырады.
2. Ұлттық палатаның осы Заңда көзделген жүйесi ескерiле отырып:
1) осы Заңда және Қазақстан Республикасының өзге де заңнамалық актiлерiнде көзделген, республикалық деңгейде iске асырылатын және Қазақстан Республикасының Парламентiмен, Қазақстан Республикасының Үкiметiмен, орталық мемлекеттiк органдармен өзара iс-қимылды болжайтын функцияларды Ұлттық палата жүзеге асырады;
2) осы Заңда және Қазақстан Республикасының өзге де заңнамалық актiлерiнде көзделген, аумақтық деңгейде iске асырылатын және жергiлiктi өкiлдi және атқарушы органдармен, жергiлiктi өзiн-өзi басқару органдарымен өзара iс-қимылды болжайтын функцияларды өңiрлiк палаталар жүзеге асырады;
3) осы Заңда және Қазақстан Республикасының өзге де заңнамалық актiлерiнде көзделген, халықаралық деңгейде iске асырылатын және шетелдiк және халықаралық ұйымдармен өзара iс-қимылды болжайтын функцияларды, сондай-ақ кәсiпкерлердiң сыртқы экономикалық қызметiнiң дамуына жәрдемдесу және Қазақстан Республикасының экономикасына инвестициялар тарту жөнiндегi функцияларды Ұлттық палата, сондай-ақ шет мемлекеттiң аумағындағы филиалдары мен өкiлдiктерi арқылы және (немесе) ол құрылтайшы ретiнде қатысатын заңды тұлға жүзеге асырады.
9-бап. Ұлттық палатаның кәсiпкерлiк субъектiлерiнiң құқықтары мен заңды мүдделерiн бiлдiру, қорғау жөнiндегi функциялары
1. Ұлттық палата осы Заңға, өзге де нормативтiк құқықтық актiлерге және Ұлттық палатаның жарғысына сәйкес Қазақстан Республикасының мемлекеттiк органдарында, сондай-ақ халықаралық ұйымдарда және шет мемлекеттерде кәсiпкерлiк субъектiлерiнiң құқықтары мен заңды мүдделерiн бiлдiредi, қорғайды.
2. Ұлттық палата:
1) Қазақстан Республикасының Үкiметiнде, Қазақстан Республикасының Парламентiнде және басқа да мемлекеттiк органдарда кәсiпкерлiк мүдделерiн бiлдiредi;
2) кәсiпкерлiк субъектiлерiнiң мүдделерiн қозғайтын нормативтiк құқықтық актiлердi әзiрлеуге қатысады;
3) жеке кәсiпкерлiк субъектiлерiнiң мүдделерiн қозғайтын заңнамалық және өзге де нормативтiк құқықтық актiлердiң жобаларына мiндеттi сараптаманы жүзеге асырады;
4) қаржы ұйымдарының қызметi мен қаржы нарығын мемлекеттiк реттеу функцияларын қоспағанда, кәсiпкерлiк қызметтi реттеудiң жекелеген функцияларын бизнес-ортаға кезең-кезеңмен беру жөнiнде ұсыныстар әзiрлеудi және оларды Қазақстан Республикасының Үкiметiне енгiзудi жүзеге асырады;
5) орталық және жергiлiктi мемлекеттiк органдар жанынан кәсiпкерлердiң құқықтары мен мiндеттерiн қозғайтын мәселелер бойынша құрылатын алқалы консультациялық-кеңесшi органдардың жұмысына қатысады;
6) Қазақстан Республикасының заңнамалық актiлерiне сәйкес аралық сот пен төрелiктi құрады;
7) кәсiпкерлiк мәселелерi бойынша қоғамдық тыңдаулар өткiзедi.
3. Кәсiпкерлiк мәселелерi бойынша қоғамдық тыңдаулар осы Заңда және Ұлттық палатаның жарғысында көзделген тәртiппен өткiзiледi.
Қоғамдық тыңдауларға Қазақстан Республикасы Парламентiнiң және жергiлiктi өкiлдi органдардың депутаттары, мемлекеттiк органдардың, жергiлiктi өзiн-өзi басқару органдарының, ұйымдардың, кәсiпкерлiк субъектiлерiнiң, бұқаралық ақпарат құралдарының өкiлдерi қатыса алады.
Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң құрамына кiретiн орталық атқарушы органдардың, сондай-ақ жергiлiктi атқарушы органдардың өкiлдерi қоғамдық тыңдауларға Ұлттық палата төралқасының шақыруымен қатысады.
10-бап. Ұлттық палатаның қоғамдық мониторинг саласындағы функциялары
1. Ұлттық палата:
1) қоғамдық мониторингтi жүзеге асырады;
2) Қазақстан Республикасының Үкiметiне орталық және жергiлiктi мемлекеттiк органдардың кәсiпкерлiк мәселелерi бойынша қызметiн жетiлдiру жөнiнде ұсыныстарды енгiзедi;
3) мемлекет бақылайтын акционерлiк қоғамдардағы корпоративтiк басқару тиiмдiлiгiне бағалау жүргiзуге қатысады.
2. Ұлттық палата «Iскерлiк ахуал» тәуелсiз рейтингiн дайындауды және жүргiзудi тұрақты негiзде жүзеге асырады.
3. Ұлттық палата Қазақстан Республикасындағы кәсiпкерлiк белсендiлiктiң жай-күйi туралы жыл сайынғы ұлттық баяндаманы дайындау және жариялау арқылы қоғам мен мемлекеттi кәсiпкерлiк белсендiлiктiң жай-күйi туралы ақпаратпен қамтамасыз етедi.
4. Ұлттық палата мемлекеттiк органдардың және (немесе) мемлекеттiк қызметшiлердiң кәсiпкерлiк субъектiлерiнiң құқықтары мен заңды мүдделерiн сақтауы туралы ақпаратты жинауды, қорытуды және талдауды тұрақты негiзде жүргiзедi.
Жүргiзiлген талдау нәтижелерi Қазақстан Республикасының Үкiметiне және (немесе) уәкiлеттi мемлекеттiк органдарға жiберiледi.
Жылдық қорытындылар бойынша жүргiзiлген талдау нәтижелерi Қазақстан Республикасындағы кәсiпкерлiк белсендiлiктiң жай-күйi туралы жыл сайынғы ұлттық баяндама құрамында Қазақстан Республикасы Президентiнiң қарауына енгiзiледi.
11-бап. Ұлттық палатаның кәсiпкерлiктi қолдауды және дамытуды ұйымдастыру саласындағы функциялары
1. Ұлттық палата нормативтiк құқықтық актiлерде көзделген тәртiппен:
1) Қазақстан Республикасы Мемлекеттiк жоспарлау жүйесiнiң құжаттарында көзделген кәсiпкерлердi сервистiк қолдауды қоса алғанда, кәсiпкерлiк субъектiлерiн қаржылық емес қолдау операторының функцияларын жүзеге асырады;
2) Қазақстан Республикасы Мемлекеттiк жоспарлау жүйесiнiң құжаттарында көзделген отандық тауарлар мен көрсетiлетiн қызметтер экспортын дамыту және iлгерiлету жүйесi операторының функцияларын жүзеге асырады;
3) арнайы экономикалық аймақтарды басқаруға қатысады;
4) Қазақстан Республикасының Үкiметiмен келiсу бойынша Қазақстан Республикасы өткiзу пункттерiнiң инфрақұрылымы, оның iшiнде сервистiк (кедендiк) инфрақұрылым объектiлерiнiң жабдықталуын және техникалық жарақтандырылуын (мемлекеттiк бақылау органдарының арнайы жабдықтарын қоспағанда), сондай-ақ көрсетiлген өткiзу пункттерiнде шекаралық, кедендiк бақылау түрлерiн ұйымдастыру үшiн қажеттi ғимараттарды, үй-жайларды және құрылыстарды күтiп-ұстауды және жөндеудi қоса алғанда, олардың салынуын (реконструкциялануын), жұмыс iстеуiн (пайдаланылуын) инвестициялар тарту арқылы қамтамасыз етуге қатыса алады;
5) кеден iсi саласында қызметтер көрсетудi жақсарту мақсатында кеден инфрақұрылымының қазiргi заманғы стандарттарын әзiрлеуге қатысады;
6) корпоративтiк басқарудың практикасын талдауды және қорытуды жүзеге асырады;
7) кәсiпкерлердi оқытуды ұйымдастырады, сондай-ақ оларға бизнес ашу және жүргiзу жөнiнде консалтингтiк қызметтер көрсетедi;
8) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес стандарттар мен техникалық регламенттердi әзiрлеуге қатысады және кәсiпкерлердiң оларды сақтауын қамтамасыз етедi.
2. Ұлттық палата уәкiлеттi мемлекеттiк органдардың ұлттық отын-энергетика баланстарын әзiрлеуiне, экономика салаларында шикiзат пен тауарлардың өткiзiлуi мен тұтынылуына қатысады.
3. Ұлттық палата кәсiпкерлiк субъектiлерi үшiн бiрыңғай интернет-порталды құрады және оны қолдауды, әкiмшiлендiрудi және дамытуды жүзеге асырады.
12-бап. Ұлттық палатаның отандық өндiрiстi қолдау және жергiлiктi қамту үлесiн арттыру саласындағы функциялары
1. Ұлттық палата нормативтiк құқықтық актiлерде көзделген тәртiппен отандық өндiрiстi қолдау және сатып алудағы жергiлiктi қамту үлесiн арттыру жөнiндегi шараларды жүзеге асыруға қатысады, оның iшiнде:
1) тауарлар, жұмыстар, көрсетiлетiн қызметтер мен олардың өнiм берушiлерi дерекқорын қалыптастырады және жүргiзедi, сондай-ақ өнiм берушiлердi дерекқорға енгiзу үшiн оларды бағалау критерийлерiн әзiрлейдi;
2) уәкiлеттi ұйымдар ұсынатын, жыл сайынғы, орта мерзiмдi және ұзақ мерзiмдi кезеңдерге арналған, тауарларды, жұмыстар мен көрсетiлетiн қызметтердi жүргiзiлген, жүргiзiлетiн және жоспарланып отырған сатып алу туралы мәлiметтер мен ақпаратты талдау және мониторинг жүргiзу үшiн жинауды, өндеудi және қорытуды жүзеге асырады;
3) тауарлар, жұмыстар мен көрсетiлетiн қызметтер нарығын талдауды, оның iшiнде тауарлар, жұмыстар мен көрсетiлетiн қызметтер нарығы мониторингiнiң ақпараттық талдамалық жүйесiн құруды және жүргiзудi жүзеге асырады;
4) сатып алу және жергiлiктi қамту үлесiн арттыру саласында талдамалық зерттеулер жүргiзедi.
2. Ұлттық палата жер қойнауын пайдаланушылардың тауарлардағы, жұмыстардағы, көрсетiлетiн қызметтердегi, кадрлардағы жергiлiктi қамту және аумақтарды әлеуметтiк дамыту бөлiгiндегi келiсiмшарттық мiндеттемелерiн орындауына мониторингтi жүзеге асыруға қатысады.
13-бап. Ұлттық палатаның экономика салаларында кадрларды
даярлау, қайта даярлау, олардың бiлiктiлiгiн арттыру, сертификаттау және аттестаттау мен техникалық және кәсiптiк бiлiм берудi дамыту саласындағы функциялары
Ұлттық палата нормативтiк құқықтық актiлерде көзделген тәртiппен:
1) бiлiктiлiктiң салалық негiздемелерiн, кәсiптiк стандарттарды әзiрлеуге және кәсiптiк стандарттар, оның iшiнде техникалық және кәсiптiк бiлiм беру саласында кәсiптiк стандарттар тiзiлiмiн жүргiзуге қатысады;
2) дербес бiлiм беру ұйымдарын қоспағанда, техникалық және кәсiптiк бiлiм беру ұйымдарын мемлекеттiк аттестаттауға қатысады;
3) техникалық және кәсiптiк бiлiм берудiң бiлiм беретiн оқу бағдарламаларын iске асыратын заңды тұлғалардың бiлiм беру қызметiн лицензиялау жөнiндегi консультациялық-кеңесшi органның жұмысына қатысады;
4) мамандардың бiлiктiлiгiн тәуелсiз сертификаттауды жүзеге асырады;
5) дербес бiлiм беру ұйымдарын қоспағанда, келiсу бойынша мемлекеттiк техникалық және кәсiптiк бiлiм беру ұйымдарының алқалы басқару органдарына қатысады;
6) экономика салаларындағы еңбек нарығының қажеттiлiктерiне сәйкес кадрларды даярлауға мемлекеттiк тапсырысты қалыптастыру және орналастыру үшiн ұсыныстар енгiзедi;
7) техникалық және кәсiптiк бiлiм берудi дамыту және кадрларды даярлау жөнiндегi салалық және өңiрлiк кеңестердiң қызметiне қатысады;
8) оқу-әдiстемелiк материалдарды, оның iшiнде мемлекеттiк жалпыға мiндеттi бiлiм беру стандарттарын, техникалық және кәсiптiк бiлiм берудiң бiлiм беретiн оқу бағдарламаларын және жоспарларын әзiрлеуге қатысады;
9) кәсiпкерлiк субъектiлерiнiң кәсiби кадрларға қажеттiлiктерiне мониторинг жүргiзедi;
10) мамандарды жұмысқа орналастыруға жәрдемдесу жөнiндегi iс-шараларды әзiрлейдi және iске асырады;
11) техникалық және қызмет көрсететiн еңбек кәсiптерi (мамандықтары) бойынша кәсiптiк даярлау, қайта даярлау, бiлiктiлiктi арттыру және бiлiктiлiк беру жөнiндегi оқу орталықтарын құрады;
12) Қазақстан Республикасының азаматтары болып табылатын, келiсiмшартты орындау кезiнде тартылған қызметкерлердi оқытуға, олардың бiлiктiлiгiн арттыруға және қайта даярлауға немесе уәкiлеттi органмен келiсiлген мамандықтар тiзбесi бойынша Қазақстан Республикасының азаматтарын оқытуға жұмсалатын шығыстар бойынша жер қойнауын пайдаланушылардың мiндеттемелердi орындауы жөнiндегi ақпаратты жинауға және талдауға қатысады.
14-бап. Ұлттық палатаның кәсiпкерлiк субъектiлерiнiң сыртқы экономикалық қызметiн дамыту, и нвестициялар тарту және ұлттық экономиканы әртараптандыру саласындағы функциялары
Ұлттық палата нормативтiк құқықтық актiлерде және Ұлттық палатаның жарғысында белгiленген тәртiппен:
1) шетелде филиалдар мен өз өкiлдiктерiн құрады және таратады;
2) Қазақстан Республикасының заңнамасына және халықаралық шарттардың ережелерiне сәйкес шетелдiк ұйымдармен бiрлесiп, iскерлiк кеңестердi және өзге де консультациялық-кеңесшi органдарды құрады;
3) өткiзiлетiн халықаралық көрмелер мен жәрмеңкелер, Қазақстан Республикасында өткiзiлетiн ұлттық және өңiрлiк көрмелер мен жәрмеңкелер, сондай-ақ Қазақстан Республикасы қатысатын шетелдегi халықаралық көрмелер тiзiлiмiн жүргiзедi;
4) қазақстандық тауарлар мен көрсетiлетiн қызметтердi әлемдiк нарықта iлгерiлету үшiн халықаралық маркетингтi және жарнамалық қолдауды жүзеге асырады;
5) сыртқы экономикалық қызмет мәселелерi бойынша ақпараттық, бағалау, брокерлiк, маркетингтiк, жарнамалық, аударма және консалтингтiк қызметтер көрсетедi;
6) экспорт-импортты реттеу мәселелерi бойынша барлық елдердiң заңнамалары, өткiзiлетiн жәрмеңкелер, көрмелер, халықаралық тауар айналымы және төлемдер, халықаралық саудаға және шаруашылықiшiлiк қызметке байланысты басқа да мәселелердiң жай-күйi туралы ақпаратты жинауды, талдауды және өз мүшелерiне ұсынуды жүзеге асырады;
7) Қазақстан Республикасының Үкiметi белгiлеген тәртiппен тауардың шығу тегi туралы сертификатты ресiмдеудi және куәландыруды, тауардың шығу тегi туралы сараптама актiсiн жасауды және берудi жүзеге асырады;
8) техникалық реттеу саласында мемлекеттiк реттеудi жүзеге асыратын мемлекеттiк орган бекiтетiн тiзбе бойынша тауардың шығу тегi туралы сертификаттың көшiрмесiн және тауардың шығу тегiн растайтын құжаттарды тауардың шығу тегi туралы сертификат берiлген күннен бастап кемiнде үш жыл бойы сақтайды;
9) жылына кемiнде бiр рет кеден iсi саласындағы уәкiлеттi органға және техникалық реттеу саласында мемлекеттiк реттеудi жүзеге асыратын мемлекеттiк органға тауарлардың шығу тегi туралы сертификаттарды растауға уәкiлеттiк берiлген тұлғалардың мөрлерi бедерлерiнiң, қойылған қолдарының үлгiлерiн жолдайды;
10) тоқсан сайын сауда қызметiн реттеу саласындағы уәкiлеттi органға тауардың шығу тегi туралы берiлген сертификаттар жөнiндегi ақпаратты бередi;
11) тауардың шығарылған елiн айқындау бойынша сараптаманы қоспағанда, тауарларға тәуелсiз сараптамаларды жүзеге асырады;
12) кәсiпкерлiк субъектiлерiнiң, қаржылық-экономикалық жағдайы кәсiпкерлiк қызмет үшiн серiктестер ретiнде сыртқы экономикалық қызметке қатысушылардың сенiмдiлiк деңгейiн айқындауға мүмкiндiк беретiн олардың көрсетiлген тұлғалармен келiсу бойынша жасалған тiзiлiмiн жүргiзу тәртiбiн айқындайды және жүргiзедi;
13) Қазақстан Республикасының сыртқы сауда мәмiлелерi мен халықаралық шарттарының талаптарына сәйкес еңсерiлмейтiн күштiң мән-жайларын, сондай-ақ Қазақстан Республикасында танылған сауда және порт әдет-ғұрыптарын куәландырады;
14) Қазақстан Республикасының халықаралық мiндеттемелерiне сәйкес кепiл болады және уақытша әкелу туралы құжаттарды бередi.

4-тарау. ҰЛТТЫҚ ПАЛАТАНЫ ҚҰРУ, ҚАЙТА ҰЙЫМДАСТЫРУ ЖӘНЕ ТАРАТУ

15-бап. Ұлттық палатаны құру ерекшелiктерi
1. Ұлттық палата коммерциялық емес ұйымның өзге ұйымдық-құқықтық нысанында құрылады.
Ұлттық палата саяси қызметпен айналысуға, саяси партия құруға және саяси партия болып қайта ұйымдастырылуға құқылы емес.
2. Ұлттық палата әрбiр облыста, республикалық маңызы бар қалада және астанада өңiрлiк палаталарды құрады.
Облыстың, республикалық маңызы бар қаланың және астананың аумағында бiр ғана өңiрлiк палата құрылуы және жұмыс iстеуi мүмкiн.
3. Тиiстi облыстың, облыстық, республикалық маңызы бар қалалардың аудандарында және астанада, сондай-ақ аудандық маңызы бар қалаларда өңiрлiк палатаның филиалдары құрылады.
16-бап. Ұлттық палатаның мүлкi
1. Ұлттық палатаның мүлкi:
1) мiндеттi мүшелiк жарналар;
2) көрсетiлетiн қызметтерден түсетiн түсiмдер (кiрiстер);
3) Қазақстан Республикасының заңдарында тыйым салынбаған басқа да түсiмдер есебiнен қалыптасуы мүмкiн.
Ұлттық палатаның осы Заңға сәйкес қалыптастырылған мүлкi оған меншiк құқығымен тиесiлi болады.
2. Ұлттық палата Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес мемлекеттiк тапсырмалар мен тапсырыстар алуға құқылы.
3. Ұлттық палата құрылтайшыларының Ұлттық палата мүлкiне мүлiктiк құқықтары болмайды.
Ұлттық палатаның құрылтайшылары оның мiндеттемелерi бойынша жауап бермейдi, Ұлттық палата құрылтайшылардың мiндеттемелерi бойынша жауап бермейдi.
4. Ұлттық палатаның кәсiпкерлiк қызметiнен түскен кiрiстер оның мүшелерi арасында бөлiне алмайды және жарғылық мақсаттарға жұмсалады.
17-бап. Ұлттық палатаны қайта ұйымдастыру және тарату
Ұлттық палатаны қайта ұйымдастыру және тарату Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес жүзеге асырылады.

5-тарау. ҰЛТТЫҚ ПАЛАТАНЫ, ӨҢIРЛIК ПАЛАТАЛАРДЫ ЖӘНЕ ӨҢIРЛIК ПАЛАТАЛАРДЫҢ ФИЛИАЛДАРЫН БАСҚАРУ

18-бап. Ұлттық палатаның, өңiрлiк палаталардың және өңiрлiк палаталар филиалдарының басқару органдары
1. Ұлттық палатаның басқару органдары мыналар болып табылады:
1) съезд – жоғары басқару органы;
2) төралқа – басқару органы;
3) басқарма – атқарушы орган;
4) тексеру комиссиясы – қаржылық-бақылау органы.
2. Өңiрлiк палаталардың және өңiрлiк палаталар филиалдарының басқару органдары мыналар болып табылады:
1) өңiрлiк кеңес – байқаушы орган;
2) дирекция – өңiрлiк палатаның атқарушы органы;
3) директор – өңiрлiк палаталар филиалдарының атқарушы органы.
3. Ұлттық палатада оның жарғысына сәйкес өзге де органдар құрылуы мүмкiн.
4. Ұлттық палатаның жоғары басқару органындағы және басқару органындағы жұмыс өтеусiз негiзде жүзеге асырылады.
19-бап. Ұлттық палатаның съезi
1. Ұлттық палатаның съезiн (бұдан әрi – съезд) Ұлттық палата төралқасының төрағасы басқарады және ол аккредиттелген республикалық салааралық, салалық қауымдастықтар (одақтар), сондай-ақ шағын, орта және (немесе) iрi кәсiпкерлiктiң республикалық қауымдастықтары (одақтары) өкiлдерiнiң және өңiрлiк кеңестер делегаттарының тең санынан қалыптастырылады.
2. Съездiң жұмысына Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң өкiлдерi қатысады.
Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң съездiң шешiмдерiне вето қоюға құқығы бар.
Вето қою тәртiбiн Қазақстан Республикасының Үкiметi айқындайды.
Келiсу рәсiмдерi арқылы ветоны еңсеру тәртiбiн Қазақстан Республикасының Үкiметi бекiтедi.
3. Съездiң айрықша құзыретiне:
1) Ұлттық палатаның жарғысын бекiту, оған өзгерiстер және (немесе) толықтырулар енгiзу;
2) Ұлттық палата төралқасының мүшелерiн, Ұлттық палатаның тексеру комиссиясының мүшелерiн сайлау және лауазымынан босату;
3) тиiстi облыстың, республикалық маңызы бар қаланың және астананың аумағында тiркелген (есептiк тiркеуден өткен) кәсiпкерлiк субъектiлерiнiң және қауымдастықтардың (одақтардың) жалпы санын ескере отырып, өңiрлiк кеңестердiң сандық құрамын бекiту;
4) Ұлттық палатаның төралқасы мен Ұлттық палата басқармасының есептерiн бекiту;
5) мiндеттi мүшелiк жарналардың мөлшерiн бекiту;
6) Ұлттық палата құрылтайшы ретiнде қатысатын заңды тұлғаларды құру туралы шешiмдер қабылдау, олардың мақсаттарын, мiндеттерi мен өкiлеттiктерiн айқындау;
7) Ұлттық палатаның бюджетiн бекiту;
8) Ұлттық палатаның тексеру комиссиясының жылдық есебiн бекiту;
9) шет мемлекеттер аумағында Ұлттық палатаның филиалдары мен өкiлдiктерiн құру туралы шешiм қабылдау;
10) бұқаралық ақпарат құралдарында жариялануға тиiс Ұлттық палата қызметiнiң қорытындылары туралы жыл сайынғы есептi бекiту;
11) Ұлттық палата мүшелерiне көрсетiлетiн тегiн қызметтердiң тiзбесiн бекiту жатады.
4. Съезд тағайындалған өкiлдер мен сайланған делегаттардың жалпы санының қарапайым көпшiлiгi отырыста болған кезде шешiмдер қабылдауға құқылы.
Съезде дауыс беру «бiр өкiл (делегат) – бiр дауыс» қағидаты бойынша жүзеге асырылады. Дауыс беру көзбе-көз нысанда жүзеге асырылады. Съезде дауыс берудi жүргiзу тәртiбi Ұлттық палатаның жарғысында айқындалады.
Съездiң құзыретiне жататын мәселелер бойынша шешiмдер отырысқа қатысушы өкiлдер мен делегаттардың қарапайым көпшiлiк даусымен қабылданады.
Дауыс беру құқығын бiреуге беруге, сондай-ақ басқа тұлғалар үшiн дауыс беруге жол берiлмейдi.
5. Өңiрлiк кеңестерден съезге делегаттарды сайлау тәртiбi, сондай-ақ өңiрлiк кеңестер делегаттарын сайлауды өткiзу тәртiбi Ұлттық палатаның жарғысында айқындалады.
20-бап. Съездi шақыру тәртiбi
1. Съездi Ұлттық палатаның төралқасы бiр жылда бiр реттен жиi шақырмайды.
2. Съездiң кезектен тыс отырысы Ұлттық палата төралқасының шешiмiмен шақырылады.
3. Съездi дайындауды және өткiзудi Ұлттық палатаның басқармасы жүзеге асырады.
4. Съезге қатысушылар съездiң алда өтетiнi туралы съезд өтетiн күнге дейiн күнтiзбелiк қырық бес күннен кешiктiрiлмей хабардар етiлуге тиiс.
5. Съездi өткiзу туралы хабарлама Қазақстан Республикасының бүкiл аумағына таралатын бұқаралық ақпарат құралдарында, оның iшiнде интернет-ресурстарда жарияланады.
6. Съезд бастапқыда өткiзiлмеген жағдайда, съезд отырысын қайта өткiзу съездi өткiзу белгiленген күннен кейiнгi келесi күннен ерте белгiлене алмайды.
21-бап. Ұлттық палата төралқасы
1. Ұлттық палатаның төралқасы (бұдан әрi – төралқа) 51 мүшеден тұрады және оны төраға басқарады.
Төралқа:
1) Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң үш өкiлiнен;
2) Қазақстан Республикасы Парламентiнiң он алты депутаты мен Қазақстан Республикасының қоғам қайраткерлерiнен;
3) аккредиттелген республикалық салааралық, салалық қауымдастықтардың (одақтардың), сондай-ақ шағын, орта және (немесе) iрi кәсiпкерлiктiң республикалық қауымдастықтарының (одақтарының) он алты өкiлiнен;
4) өңiрлiк кеңестердiң он алты төрағасынан қалыптастырылады.
2. Төралқа құрамын қалыптастыру мақсатында съездiң шешiмiмен:
1) төралқа мүшелерi қатарынан төралқа төрағасы;
2) Қазақстан Республикасының қоғам қайраткерлерi;
3) Қазақстан Республикасы Парламентiнiң депутаттары;
4) аккредиттелген республикалық салааралық, салалық қауымдастықтардың (одақтардың), сондай-ақ шағын, орта және (немесе) iрi кәсiпкерлiктiң республикалық қауымдастықтарының (одақтарының) өкiлдерi төралқа мүшелерi лауазымына сайланады және лауазымынан босатылады.
Төралқаның сайланатын мүшелерi өкiлеттiктерiнiң мерзiмi төрт жылды құрайды. Төралқа мүшелерiн сайлау және атқаратын лауазымынан босату тәртiбi Ұлттық палатаның жарғысында айқындалады.
3. Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң үш адамнан тұратын өкiлдерiн Қазақстан Республикасының Үкiметi тағайындайды және босатады.
4. Төралқаның айрықша құзыретiне:
1) Ұлттық палата мiндеттерiнiң орындалу барысын және оның мақсаттарына қол жеткiзуiн бақылау;
2) съезге Ұлттық палата қызметiнiң тиiмдiлiгiн арттыру жөнiнде ұсыныстар енгiзу;
3) Ұлттық палата басқармасының төрағасын және мүшелерiн сайлау;
4) Ұлттық палатаның басқармасына мемлекеттiк билiк органдарымен, үкiметтiк емес, қоғамдық және халықаралық және өзге де ұйымдармен өзара iс-қимыл жасасуға жәрдемдесу;
5) Ұлттық палатаның тексеру комиссиясының тексерулерiн тағайындау және олардың қорытындылары бойынша есептерiн бекiту;
6) егер осы Заңда өзгеше көзделмесе, Ұлттық палатаның қызметiнде қолданылатын қағидаларды, регламенттердi және басқа да iшкi құжаттарды бекiту;
7) Ұлттық палата жүйесiнде қауымдастықтарды (одақтарды) аккредиттеуге қойылатын бiлiктiлiк талаптарын және Ұлттық палата жүйесiнде қауымдастықтарды (одақтарды) аккредиттеудi жүргiзу қағидаларын бекiту;
8) Ұлттық палата құрылтайшы ретiнде қатысатын заңды тұлғалардың бiрiншi басшыларын Ұлттық палата басқармасының ұсынуы бойынша тағайындау;
9) төралқа комитеттерiн қалыптастыру, олардың сандық және дербес құрамын айқындау, олардың жұмыс регламентiн бекiту;
10) өңiрлiк палаталардың үлгiлiк жарғысын және өңiрлiк палаталардың филиалдары туралы үлгiлiк ереженi бекiту;
11) «Iскерлiк ахуал» тәуелсiз рейтингiн жүргiзу, қоғамдық мониторингтi жүзеге асыру, Қазақстан Республикасындағы кәсiпкерлiк белсендiлiктiң жай-күйi туралы жыл сайынғы ұлттық баяндаманы дайындау және жариялау тәртiбiн бекiту жатады.
5. Ұлттық палатаның жарғысымен төралқаның құзыретiне өзге де мәселелер жатқызылуы мүмкiн.
6. Төралқа мүшелерi Ұлттық палатаның басқару органдарынан, Ұлттық палата құрылтайшы ретiнде қатысатын заңды тұлғалардан олардың қызметiн жүзеге асыруға байланысты ақпаратты сұратуға құқылы.
7. Отырыста төралқа мүшелерi жалпы санының қарапайым көпшiлiгi болған кезде төралқа шешiм қабылдауға құқықты.
Төралқа отырыстарында дауыс берудi жүргiзу тәртiбi Ұлттық палатаның жарғысында айқындалады.
Төралқаның осы Заңда көзделген айрықша құзыретiндегi мәселелер бойынша шешiмдерi төралқа отырысына қатысушы мүшелерiнiң жалпы дауыс санының кемiнде үштен екiсiн құрайтын бiлiктi көпшiлiк даусымен қабылданады.
Өзге мәселелер бойынша шешiмдер төралқа отырысына қатысушы мүшелерiнiң қарапайым көпшiлiк даусымен қабылданады.
Дауыс беру құқығын бiреуге беруге, сондай-ақ басқа тұлғалар үшiн дауыс беруге жол берiлмейдi.
22-бап. Төралқа комитеттерi
1. Төралқа комитеттерi төралқаның тұрақты жұмыс iстейтiн жұмыс органдары болып табылады.
2. Комитеттердiң санын және олардың жұмыс тәртiбiн төралқа айқындайды. Комитеттер салалық белгiлер бойынша құрылады. Төралқаның шешiмi бойынша өзге де комитеттер құрылуы мүмкiн.
3. Комитеттер Ұлттық палатада аккредиттеуден өткен республикалық салааралық, салалық қауымдастықтардың (одақтардың), сондай-ақ шағын, орта және (немесе) iрi кәсiпкерлiктiң республикалық қауымдастықтарының (одақтарының) өкiлдерiнен тұрады. Комитет мүшелерiнiң санын төралқа айқындайды және олар үшеуден кем болмауға тиiс.
4. Комитет төрағаларын тиiстi комитеттiң мүшелерi оның мүшелерiнiң қатарынан сайлайды. Комитеттер төрағаларын сайлау тәртiбi Ұлттық палатаның жарғысында белгiленедi.
5. Комитет шешiмi комитет мүшелерiнiң жалпы санының көпшiлiк даусымен қабылданады. Дауыстар тең болған жағдайда, комитет төрағасының дауысы шешушi болып саналады.
23-бап. Ұлттық палата басқармасы
1. Ұлттық палата басқармасы (бұдан әрi – басқарма) оның қызметiне ағымдағы басшылықты жүзеге асырады.
2. Басқарма съезге және төралқаға есеп бередi. Басқарма мүшелерiнiң өкiлеттiк мерзiмiн және сандық құрамын съезд бекiтедi.
3. Басқарманың құрамы бес мүшеден кем болмауға тиiс. Басқарманы төраға басқарады.
4. Басқарманың төрағасы мен мүшелерiн төралқа сайлайды.
5. Басқарманың құзыретiне Ұлттық палата қызметiнiң осы Заңға және Ұлттық палатаның жарғысына сәйкес съездiң және төралқаның айрықша құзыретiне жатпайтын мәселелерiн қарау және олар бойынша шешiмдер қабылдау жатады.
6. Егер басқарма отырыстарына оның мүшелерiнiң жартысынан көбi қатысса, басқарма отырысы заңды болып табылады. Шешiмдер басқарманың қатысушы мүшелерi санының көпшiлiк даусымен қабылданады. Дауыстар тең болған жағдайда, төрағалық етушi дауыс берген шешiм қабылданды деп есептеледi.
7. Төрағаны қоспағанда, басқарма мүшелерi Ұлттық палатаның басқа басқару органдарына сайлана алмайды.
8. Басқарма төрағасы:
1) Қазақстан Республикасының бүкiл аумағында және одан тысқары жерде Ұлттық палатаның мүдделерi үшiн және оның атынан сенiмхатсыз әрекет етедi;
2) Ұлттық палата қызметiне ағымдағы басшылықты жүзеге асырады;
3) Ұлттық палатаның атынан шарттар және негiзгi қызметке байланысты өзге де құжаттар жасасады (қабылдайды);
4) Ұлттық палатаның мүдделерiн бiлдiредi және мемлекеттiк органдармен және өзге де ұйымдармен өзара iс-қимылды жүзеге асырады;
5) басқарма мүшелерi арасынан басқарма төрағасының орынбасарларын лауазымға тағайындайды және лауазымынан босатады;
6) Ұлттық палатаның жұмысын ұйымдастырады, штаттық кестенi, лауазымдық айлықақылардың мөлшерлерiн қалыптастырады және бекiтедi, Қазақстан Республикасының еңбек заңнамасына сәйкес қызметкерлердi жұмысқа қабылдауды және жұмыстан босатуды жүзеге асырады, оларға қатысты көтермелеу немесе тәртiптiк жазалау шараларын қолданады;
7) Қазақстан Республикасы заңнамасының талаптарына сәйкес банктерде шоттар ашады, бухгалтерлiк есепке алуды жүргiзудi және қаржылық есептiлiктi жасауды ұйымдастырады;
8) осы Заңға және Ұлттық палатаның жарғысына сәйкес Ұлттық палатаның қаражаты мен мүлкiне иелiк етедi;
9) Ұлттық палата мүшелерiнiң тiзiлiмiн жүргiзудi ұйымдастырады;
10) Ұлттық палата қызметiнiң, оның съездерiнiң, төралқасының, басқармасы мен Ұлттық палатаның тексеру комиссиясы жұмысының қорытындылары туралы ақпаратты Қазақстан Республикасының бүкiл аумағында таратылатын бұқаралық ақпарат құралдарында, оның iшiнде интернет-ресурстарда орналастыруды ұйымдастырады;
11) Қазақстан Республикасының заңнамасында және Ұлттық палатаның жарғысында тыйым салынбаған өзге функцияларды жүзеге асырады.
24-бап. Ұлттық палатаның тексеру комиссиясы
1. Ұлттық палатаның қаржы-шаруашылық қызметiне бақылауды жүзеге асыру үшiн жоғары басқару органы кемiнде бес мүшеден тұратын Ұлттық палатаның тексеру комиссиясын (бұдан әрi – тексеру комиссиясы) құрады.
2. Төралқаның, басқарманың мүшелерi мен басшылары, сондай-ақ олардың жақын туыстары тексеру комиссиясының мүшелерi бола алмайды.
3. Тексеру комиссиясы өз қызметiн съезд бекiткен ережеге сәйкес жүзеге асырады.
25-бап. Өңiрлiк кеңес
1. Өңiрлiк кеңес өңiрлiк палатаның бақылаушы органы болып табылады және съезд әрбiр облыс, республикалық маңызы бар қала және астана үшiн саралап белгiлеген квота шегiнде кәсiпкерлiк субъектiлерiнiң делегаттарынан, сондай-ақ қауымдастықтардың (одақтардың) өкiлдерiнен қалыптастырылады.
2. Өңiрлiк кеңес делегаттары төрт жыл мерзiмге тiкелей дауыс беру арқылы сайланады.
3. Кәсiпкерлiк субъектiсiнiң тиiстi облыстың, республикалық маңызы бар қаланың және астананың аумағында мемлекеттiк тiркелуi, сондай-ақ оның филиалының есептiк тiркелуi фактiсi оны нақты сайлау учаскесiнде дауыс беретiн мүшелер тiзiмiне енгiзу үшiн негiз болып табылады.
4. Өңiрлiк кеңес делегаттарына кандидаттар ұсынуды:
өңiрлiк палатада аккредиттелген қауымдастықтар (одақтар) қауымдастықтың (одақтың) және (немесе) оның филиалының тiркелген орны бойынша;
кәсiпкерлiк субъектiлерi өздерiн сайлаушылар тiзiмдерiне енгiзген орны бойынша жүргiзедi.
5. Өңiрлiк кеңестi өз өкiлеттiктерi мерзiмiне жасырын дауыс беру арқылы қарапайым көпшiлiк дауыспен өзiнiң құрамынан мүшелерi сайлайтын төраға басқарады. Өңiрлiк кеңестiң төрағасы лауазымы бойынша төралқа мүшесi болып табылады.
6. Өңiрлiк кеңес:
1) өңiрлiк палата дирекциясына мемлекеттiк билiк органдарымен, үкiметтiк емес, қоғамдық және халықаралық ұйымдармен өзара iс-қимыл жасауға жәрдемдеседi;
2) басқару органдары қабылдаған бағдарламалық құжаттарды iске асыруға жәрдемдеседi;
3) съезге делегаттар сайлайды;
4) өңiрлiк палата және өңiрлiк палаталардың филиалдары қызметiнiң шеңберiнде Ұлттық палатаның мiндеттердi орындау барысын және мақсаттарға қол жеткiзуiн бақылайды;
5) өңiрлiк палаталардың ағымдағы қызметiнде экономиканың нақты салалары мен секторлары мүдделерiнiң ескерiлуiн қамтамасыз етедi;
6) съезге Ұлттық палата қызметiнiң тиiмдiлiгiн арттыру жөнiнде ұсыныстар енгiзедi;
7) өңiрлiк палаталар мен өңiрлiк палаталардың филиалдары басшыларының кандидатураларын тағайындау үшiн келiседi;
8) кәсiпкерлiк мәселелерi бойынша қоғамдық тыңдаулар өткiзедi;
9) өңiрлiк палатаның жарғысына сәйкес өңiрлiк кеңеске жүктелген өзге де мәселелердi шешедi.
7. Өңiрлiк кеңестiң мүшелерi өңiрлiк палаталардың басқару органдарынан және олардың филиалдарынан, Ұлттық палата құрылтайшы ретiнде қатысатын заңды тұлғалардан олардың қызметiн жүзеге асыруға байланысты ақпарат сұратуға құқылы.
8. Өңiрлiк кеңестiң шешiмдерi өңiрлiк кеңес отырысына қатысатын мүшелерiнiң қарапайым көпшiлiк даусымен қабылданады. Дауыстар тең болған жағдайда төрағалық етушiнiң дауысы шешушi болып табылады.
26-бап. Өңiрлiк палаталардың, аудандық және қалалық филиалдардың атқарушы органдары
1. Өңiрлiк палатаның дирекциясын және өңiрлiк палата филиалының директорын өңiрлiк кеңеспен келiсу бойынша басқарма тағайындайды.
2. Өңiрлiк кеңес пен басқарма төрағасының арасында келiспеушiлiктер туындаған жағдайда, төралқа өңiрлiк палата дирекциясын және өңiрлiк палата филиалының директорын тағайындау туралы шешiм қабылдайды.
3. Өңiрлiк палата және өңiрлiк палаталардың тиiстi филиалдары дирекциясының лауазымына кандидаттардың съезд белгiлеген талаптарға сәйкес бiлiктiлiк деңгейi мен жұмыс тәжiрибесi болуға тиiс.
27-бап. Мүдделер қақтығысы
Осы Заңда және Ұлттық палатаның жарғысында көрсетiлген мақсаттарға қайшы келетiн мақсаттарда лауазымдық жағдайды пайдалануға жол берiлмейдi.
Мүдделер қақтығысын болғызбау және (немесе) реттеу жөнiндегi шаралар Ұлттық палатаның жарғысында белгiленедi.

6-тарау. ҰЛТТЫҚ ПАЛАТАНЫҢ МҮШЕЛЕРI.

МIНДЕТТI МҮШЕЛIК ЖАРНАЛАР
28-бап. Ұлттық палатаның мүшелерi
1. Егер осы Заңда өзгеше белгiленбесе, кәсiпкерлiк субъектiлерi Ұлттық палатаның мүшелерi болып табылады.
2. Ұлттық палатаның мүшелерi:
1) Ұлттық палата тарапынан кәсiптiк қолдау мен қорғауды, сондай-ақ оның жарғысында көзделген көрсетiлетiн қызметтердi пайдалануға;
2) оның басқару органдарын сайлауға және оларға сайлануға;
3) Ұлттық палатаға жазбаша сұрау салулармен жүгiнуге және Ұлттық палатаға берiлген өкiлеттiктер шегiнде дәлелдi жауаптар алуға, оның қызметiн ұйымдастыруды жетiлдiру жөнiнде ұсыныстар енгiзуге;
4) осы Заңда және оның жарғысында көзделген тәртiппен Ұлттық палатаны басқаруға қатысуға;
5) Ұлттық палата ұйымдастыратын оқытудан, қайта даярлаудан және бiлiктiлiктi арттырудан өтуге;
6) бiлiктi ақпараттық-талдамалық қолдау, оның iшiнде әртүрлi бейiндегi тәуелсiз сарапшылар көрсететiн қызметтер алуға;
7) Ұлттық палатаның жарғысында көзделген тәртiппен оның қызметi туралы есептердi тыңдауға;
8) Қазақстан Республикасының заңнамалық актiлерiнде көзделген өзге де құқықтарды пайдалануға құқылы.
3. Ұлттық палатаның мүшелерi мiндеттi мүшелiк жарналар төлеуге мiндеттi.
4. Ұлттық палата мүшелерiнiң құқықтары тең.
5. Ұлттық палата кәсiпкерлiк субъектiлерiнiң қызметiне араласуға, олардың құқықтары мен заңды мүдделерiн бұзуға құқылы емес.
6. Дауларды реттеу Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген тәртiппен жүзеге асырылады.
29-бап. Мiндеттi мүшелiк жарналар
1. Съезд бекiтетiн мiндеттi мүшелiк жарналардың мөлшерiн Ұлттық палата жыл сайын 1 шiлдеге дейiнгi мерзiмде бұқаралық ақпарат құралдарында, оның iшiнде интернет-ресурстарда жариялайды.
2. Мiндеттi мүшелiк жарнаның мөлшерiн айқындау мақсатында осы Заңның 4-бабының 2-тармағында көрсетiлген кәсiпкерлiк субъектiлерi:
1) республикалық бюджет туралы заңда белгiленген және алдыңғы есептi күнтiзбелiк жылдың 1 қаңтарында қолданыста болатын, есептi жылдың алдындағы күнтiзбелiк жылда алпыс мың еселенген айлық есептiк көрсеткiштен аспайтын жылдық жиынтық табысы бар кәсiпкерлiк субъектiлерi;
2) республикалық бюджет туралы заңда белгiленген және алдыңғы есептi күнтiзбелiк жылдың 1 қаңтарында қолданыста болатын, есептi жылдың алдындағы күнтiзбелiк жылда алпыс мың еселенген айлық есептiк көрсеткiштен асатын және бiр жарым миллион еселенген айлық есептiк көрсеткiштен аспайтын жылдық жиынтық табысы бар кәсiпкерлiк субъектiлерi;
3) республикалық бюджет туралы заңда белгiленген және алдағы есептi күнтiзбелiк жылдың 1 қаңтарында қолданыста болатын, есептi жылдың алдындағы күнтiзбелiк жылда бiр жарым миллион еселенген айлық есептiк көрсеткiштен асатын жылдық жиынтық табысы бар кәсiпкерлiк субъектiлерi болып бөлiнедi.
3. Ұлттық палата мiндеттi мүшелiк жарна бойынша есептеудi жүзеге асыру үшiн «Салық және бюджетке төленетiн басқа да мiндеттi төлемдер туралы» Қазақстан Республикасының Кодексiнде (Салық кодексi) белгiленген тәртiппен салық органдары берген мәлiметтердiң негiзiнде жыл сайын 1 шiлдеге дейiнгi мерзiмде кәсiпкерлiк субъектiлерiне есеп шотын ұсынады.
4. Кәсiпкерлiк субъектiлерi мiндеттi мүшелiк жарналарды жыл сайын 31 желтоқсанға дейiнгi мерзiмде төлейдi.

7-тарау. ҚОРЫТЫНДЫ ЕРЕЖЕЛЕР

30-бап. Қазақстан Республикасының Ұлттық палата туралы заңнамасын бұзғаны үшiн жауаптылық
Қазақстан Республикасының Ұлттық палата туралы заңнамасын бұзу Ұлттық палата мен оның лауазымды адамдарының Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген жауаптылығына әкеп соғады.
31-бап. Өтпелi ережелер
1. Осы Заң қолданысқа енгiзiлгенге дейiн өз атауларында «Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсiпкерлер палатасы», «Ұлттық кәсiпкерлер палатасы» деген толық сөз тiркестерiн пайдалана отырып тiркелген заңды тұлғалар осы Заң қолданысқа енгiзiлген күннен бастап үш ай iшiнде Қазақстан Республикасының заңнамасында белгiленген тәртiппен мемлекеттiк қайта тiркелуге жатады.
2. Қазақстан Республикасының Сауда-өнеркәсiп палатасы мен аумақтық сауда-өнеркәсiп палаталары осы Заң қолданысқа енгiзiлген күннен бастап бiр жыл өткен соң Қазақстан Республикасының заңнамасында белгiленген тәртiппен таратылуға жатады. Қазақстан Республикасының Сауда-өнеркәсiп палатасы мен аумақтық сауда-өнеркәсiп палаталарын тарату кезiнде кредиторлардың талаптары қанағаттандырылғаннан кейiн қалған мүлiк құрылтай құжаттарында көрсетiлген мақсаттарға жiберiледi.
32-бап. Құрылтай кезеңi және өтпелi кезең
1. Ұлттық палатаның құрылуын және жұмыс iстеуiн қамтамасыз ету үшiн осы Заң қолданысқа енгiзiлген күннен бастап бiр жыл құрылтай кезеңi және бес жылға дейiн өтпелi кезең белгiленедi.
2. Қазақстан Республикасының Үкiметi және барлық облыстарда, республикалық маңызы бар қалаларда және астанада филиалдары, сондай-ақ орталық атқарушы органдарда кемiнде бес жыл аккредиттеу тәжiрибесi бар қауымдастық (одақ) Ұлттық палатаның құрылтайшылары болып табылады.
3. Ұлттық палатаның құрылтайшылары:
1) Ұлттық палатаның жарғысын бекiтедi;
2) лауазымы бойынша төралқаның құрамына кiретiн өңiрлiк кеңестер төрағаларын қоспағанда, бiрлескен шешiммен төралқа мүшелерiн тағайындайды.
4. Осы Заңмен және Ұлттық палатаның жарғысымен съездiң құзыретiне жатқызылған өкiлеттiктер құрылтай кезеңi iшiнде төралқаға жүктеледi.
5. Басқарманы және тексеру комиссиясын осы Заңда белгiленген мерзiмге төралқа тағайындайды. Басқарманың ұсынуы бойынша төралқа тиiстi өңiрлiк палаталардың дирекциясын және өңiрлiк кеңестердiң мүшелерiн тағайындайды.
6. Өңiрлiк кеңестердiң тағайындалған мүшелерi өз төрағаларын сайлайды. Өңiрлiк кеңестердiң төрағалары өздерiн сайлағаннан кейiн төралқаның құрамына кiредi.
7. Төралқа тиiстi филиалдардың басшыларын басқарманың ұсынуы бойынша тағайындайды.
8. Съезд осы Заңның талаптары ескерiле отырып, құрылтай кезеңi аяқталғаннан кейiн шақырылады. Съездiң бiрiншi шақырылымы iшiнде басқару органдары сайланбайды.
9. Осы Заңның 29-бабы 2-тармағының 1) тармақшасында көрсетiлген кәсiпкерлiк субъектiлерi осы Заңның 29-бабының 4-тармағы қолданысқа енгiзiлген кезден бастап бес жыл iшiнде мiндеттi мүшелiк жарналар төлеуден босатылады.
Өтпелi кезең аяқталған соң мүшелiк жарналар төлеуден босату туралы шешiмдi съезд қабылдайды.
10. Осы Заңның 25-бабына сәйкес облыстарда, республикалық маңызы бар қалаларда және астанада өңiрлiк кеңестердi қалыптастыру аяқталған, сондай-ақ кезектi съезд шақырылған кезден бастап өтпелi кезең аяқталған болып есептеледi.
11. Өтпелi кезең аяқталған соң Қазақстан Республикасының Үкiметi Ұлттық палатаға қатысушылардың құрамынан шығады.
33-бап. Осы Заңды қолданысқа енгiзу тәртiбi
1. Осы Заң:
1) алғашқы ресми жарияланғанынан кейiн бiр жыл өткен соң қолданысқа енгiзiлетiн 14-бапты;
2) 2014 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгiзiлетiн 10-баптың 2-тармағын және 29-баптың 4-тармағын қоспағанда, алғашқы ресми жарияланғанынан кейiн күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi.
2. Осы Заң алғашқы ресми жарияланғанынан кейiн бiр жыл өткен соң «Сауда-өнеркәсiп палаталары туралы» 2005 жылғы 3 мамырдағы Қазақстан Республикасы Заңының (Қазақстан Республикасы Парламентiнiң Жаршысы, 2005 ж., № 9, 25-құжат; 2009 ж., № 15-16, 74-құжат; № 17, 80-құжат; 2010 ж., № 5, 23-құжат; № 15, 71-құжат) күшi жойылды деп танылсын.
Қазақстан Республикасының Президентi Н.Назарбаев