Гравирлеу дегеніміз – механикалық әдіспен немесе қолмен шыны, ағаш, тас, металл беттеріне жазулар, өрнектер, суреттер салу. Бұндағы суреттер дөңес (рельефті) немесе ойыс болуы мүмкін.
XXI ғасырда «лазерлік гравирлеу» деп аталатын жаңа технология пайда болды.
Сізге қандай өнім қажет? Металдан ба, ағаштан ба, шыныдан ба, пластиктен әлде теріден бе? Құрал-жабдықтар көмегімен қызмет көрсетудің кең спектрін орындауға болады. Мысалы: жарнамалық немесе сувенирлік өнімдерге фирмалық белгілерді, логотиптерді салу, зергерлік бұйымдар мен неке жүзіктерін, ноутбуктер мен компьютерлердің пернетақталарын, телефондарды гравирлеу, өндірістік маркировка, жапсырмаларды жасау, теріні лазерлік гравирлеу, лазерлік кесу, ағашты лазерлік гравирлеу, кеңселік тақталарды дайындау, бейдждерді дайындау, мөр дайындау, т.б.
Ғимарат. Бұл бизнесті жүзеге асыру үшін сізге ауданы шамамен 20-30 м² бөлме қажет. Дүкеннен, сауда немесе бизнес орталығынан орын жалға алып, гравирлік шеберхана ашуға да болады.
Құрал-жабдықтар. Сізге лазерлік гравирлеу қондырғысы қажет. Олардың сан алуан модельдері бар. Бұндай қондырғылардың бағасы 4 000- 30 000 доллар аралығында.
Алғашқы кезеңде минималды құны 2 000 долларды құрайтын кішігірім лазерлік гравирлік қондырғы алсаңыз жеткілікті. Мұндай модельмен кішігірім бөлмеде жұмыс істеуге болады. Аталған лазерлік қондырғы түрлі металл емес беттерді өңдеуге мүмкіндік береді (ағаш, пластик, тас (табиғи және жасанды), тері және т.б.). Мөр, штамп және зергерлік өнімдерді жасауда кең қолданылатын бұл модельдер лазерлік гравирлеу қондырғылары ішінде ең арзаны болып табылады.
Технология. Гравирлік жұмыстар арнайы шығармашылық қабілет пен кәсіби біліктілікті қажет етпейді. Бұндай жұмыстарды орындау үшін қолдың ептілігі ғана қажет.
Гравирлеуді қола, мыс, темір, латунь және алюминий бұйымдарына, алқа, тұмар, жетондарға, құттықтау және естелік жазуға, қалам, ақша, қысқыш беттерін гравирлеуде, пышақ, қылыш тектес зергерлік қаруларға жазулар жазуда қолдануға болады. Жергілікті жиһаз жасаушыларға да өз қызметіңізді міндетті түрде ұсыныңыз. Бұл жағдайда жұмыс үлгісін орындайтын гравирлік машина мен қажетті материалдарды сатып алып, олардың шеберханасында жұмыс істеу керек.
Өткізу. Гравирлік қондырғыларды сатып алып, біраз үлгілер жасап алғаннан кейін зергерлік дүкендерді, фотосалондарды, сувенирлік дүкендерді аралап шығу қажет. Сөйтіп әріптестікке келісіп, жұмыс үлгілері бар стендтерді шығарамыз.
Сонымен қатар, клиенттер іздеп табудың тағы бір жолы – сайыстар, кәсіби конференциялар мен көрме ұйымдастырушыларына өз қызметіңізді ұсыну. Әдетте мұндай мерекелерде жеңімпаздар мен қатысушыларға естелік сыйлықтар беріледі. Ал бұл заттарда сіздің қолыңызбен жасалған естелік жазулар болсын.
Болжамдық есептеулер.
Шығыстар:
– жұмыс орнын жалға алу – 50 000 теңге.
– құрал-жабдық – 400 000 теңге.
– үлгілер жасау үшін қажетті материалдар – 50 000 теңге.
– басқа да шығын материалдары – 60 000 теңге.
Жалпы: Шамамен 560 000 теңге.
Табыс:
Гравирлеу бойынша бағалар:
– материал – пластик, шыны, тері, ағаш – 10 теңге/см².
– материал – тас – 20 теңге/см².
– 20 х 25 см өлшемді мақтау қағаздары мен дипломдар – данасы 3 000 теңге.
– ұялы телефон – данасы 1 500 теңге
Өткізілген экспресс-зерттеу нәтижесі бойынша кішігірім гравирлік шеберхананың ай сайынғы табысы шамамен 200 000 тенге.