Күрке тауық өсіру

1. Жалпы ақпарат. Күрке тауық тауық тұқымдас құстардың ішіндегі ең ірісі болып табылады. Күрке тауық  өсірудің рентабелділігі жоғары көрсеткіштермен ерекшеленеді. Оның еті дәмді, жұмсақ, әрі оның құрамында холестерин мөлшері өте төмен. Олар да мамық пен қауырсын береді. Бұл құстар қызыққыш, ақылды, адамдарға тез үйреніп кетеді. Олар жем талғамайды және де жаз мезгілінде көбінесе жайылымда болады.

Күрке тауық  өсіру бойынша шағын бизнес идеясының тартымдылығы – бұл бизнесті үй шаруашылығындағы бизнеске айналдыруға болатындығында. Яғни, барлық отбасы мүшелерін осы бизнеске тарту арқылы жалдамалы жұмысшыларға кететін жалақыны үнемдеуге болады.

2. Тұқымдары. Талап етілген  өнімділікке байланысты күрке тауықты өсіру мен көбейтуді тұқымдарды таңдаудан бастау қажет.  Бұл құстардың қола түсті кең кеуделі күрке тауық және ақ кең кеуделі күрке тауық деген екі түрі бар.

Қола түсті кең кеуделі күрке тауықтар өздерінің жоғары көрсеткіштерімен ерекшеленеді, дұрыс тамақтанатын болса, аталығының салмағы 9-11кг. дейін жетеді. Орташа есеппен күрке тауық балапанының туғаннан кейінгі  13 аптадағы салмағы 4,4 кг., 17 аптадағы салмағы – 6,6 кг. болады.

Ақ кең кеуделі күрке тауықтардың етінің сапасы жақсы, сыртқы түрі өте әдемі (терісі сарғылт түсті) болып келеді. Қола кең кеуделі күрке тауықпен салыстырғанда еті тез піседі, жұмыртқа салуы 90 пайыздық ұрықтану көрсеткішімен шамамен 85 жұмыртқаны құрайды. Инкубацияға салынған барлық жұмыртқалардан балапан шығару көрсеткіші орташа есеппен 60 – 70 пайыз аралығын қамтиды.

3. Күрке тауықтарды асырау. Күрке тауық ірі құс болғандықтан оны басқа құстардан бөлек ұстау қажет. Құстарды орналастыру тығыздығын дұрыс есептеу қажет: 1 м²-ге екі үлкен күрке тауықтан артық болмайды. Жас балапандарын үлкендерінен бөлек ұстау қажет. Күрке тауықтар аязға, әсіресе жел мен сызға төзімсіз болғандықтан олардың ересектеріне арналған қора мықты қабырғалардан тұрғызылуы тиіс.

4. Жем беру. Күрке тауықтардың салмағын арттыру үшін оларға ақуызды тағамдар көбірек қажет. Қыс мезгілінде 3 рет, ал көктем айларында 4-5 рет жем беру керек. Тамақтану рационында дәнді-дақылдар әр күрке тауыққа 250-300 г-нан келуі тиіс.

Жем беру шырынды (картоп, қызылша, орамжапырақ, асқабақ, әр түрлі көк жемдер мен сүрленген шөп), дәруменді қоспалар (шикі сәбіз, асқабақ, бұршақ шөптері, шөптің және қылқан жапырақтың ұны) және дәнді дақылды азық (арпа, жүгері, тары, бидай кебегі) болып үшке бөлінеді.

Жаз мезгілінде күрке тауықтарға жем беру оңайлатылады. Егер құс жайылымда болса, онда ол әртүрлі көк шөптерді, жәндіктерді және т.б. өзі тауып жейді. Егер жайылымға шығару мүмкіндігі болмаса, арнайы алаңдар жасап, оларды жем беру ақырларымен, суару науаларымен, көлеңке қалқалармен жабдықтап, алаңға шөп сеуіп қояды. Қыста сыртқа шығаратын алаңды қардан тазартып, сабан төсейді және уыстап жем шашады. Жемді құстар оны іздеп үнемі қозғалыста болсын деп уыстап шашады. Егер сырттағы температура -10°С-ден төмен болса, онда құстарды сыртқа шығармайды.

5. Өсіру. Күрке тауықтарды көбейтуді олардың ұрғашыларын жұмыртқаға 27-30 күн бастыру арқылы немесе жұмыртқаларды пайдалана отырып инкубаторда да жүзеге асыруға болады. Егер көбейтудің бастапқы кезеңінде инкубаторлық станциялар мен құс фабрикаларынан бір тәулік болған балапандарды алсаңыз, қиындықтар да аз болады. Немесе оларды инкубациялық жолмен де өсіруге болады.

Балапандарды  күрке тауықсыз шығарған кезде алдын ала лайықты орын дайындау қажет. Ең дұрысы – полиэтилен қаптамамен қапталған (төбесі мен алдынан басқа) тор. Жылыту үшін 250 Вт. лампаны қолданып, температураны 36°С-ден төмен түсірмеу қажет. Жем беретін ыдысын, су беру науасын және майда ойығы бар май шамды тордың суық жеріне орналастыру қажет.  Төсенішті (ең дұрысы сабан немесе пішен) – күнделікті ауыстырып тұру қажет. 2-2,5 айдан кейін күрке тауық балапандарын құс қорасына ауыстыруға болады. Онда жел болмауы керек, жылытқыш шам қою қажет.

Күрке тауық балапандарын алғашқы күндері ұсақтап  туралған піскен жұмыртқалармен қоректендіреді. 5-10 күн аралығында азығына ұсақтап туралған ет, құмырсқа жұмыртқасын, жасыл пияз бен салат, тәтті ірімшік қосады.  Оныншы күннен бастап өсіп қалған балапандар азығын қаймағы алынбаған сүтке араластырылған піскен картоп пен бидай кебегіне, буға піскен тарыға, бидайға, ұсақталған арпаға, ірімшікке, әртүрлі ас үй қалдықтарына, үстеме қосу керек болса әртүрлі көк шөптерге ауыстырады. Қаймағы алынбаған немесе алынған сүтті, жылы, бөлме температурасындағы суды  (суға жұмыртқаның сарысын араластырып жіберсе пайдалы болады) 5-6 күннен бастап беруге болады.

6. Өнімді сату. Өндірістен түсетін табыс өткізу нарығын дұрыс жолға қойғанда ғана болады. Ең алдымен, сіздің тұратын қалаңыздың немесе жақын маңдағы аудан (облыс) орталығының  қай сауда нүктелерінде        осы өнімді өткізуге болатынын анықтаңыз.Сонымен қатар сіздің қалаңызда немесе жақын елді мекендерде күрке тауық өсірумен айналысатын адамдардың бар-жоқтығын біліңіз. Егер бәсекелестер бар болса, олардың өткізу нарығы қалай ұйымдастырылғанын зерттеңіз.

7. Болжамды есептеулер.

7.1. Шығыстар:

– инкубациялық жұмыртқаларды сатып алу (150 дана  80 теңгеден) = 12 000 тенге.

– тұрмыстық инкубаторды сатып алу – 20 000 теңге.

– бір жылға азық сатып алу – 30 000 теңге.

Барлығы  62 000 теңге.

7.2. Табыс:

– Жұмыртқа сату.  Жұмыртқа туу –жылына 50-100 дана х 50 күрке тауық = 2 500 жұмыртқа х 80-100 теңге (бір жұмыртқаның бағасы) = шамамен 200 000 теңге.

– Ет сату. 1 күрке тауықтың салмағы шамамен 5-7 кг. х 1200 теңге (1 кг бағасы) = 6 000 теңге, ал егер 10 немесе 20 күрке тауық сататын болсаңыз, онда табыс айтарлықтай көп болады.

Бөлісу

Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *