Сырдан құндыз көрдің бе?

Қазекем қай кезде де сәнді киінгенді қалайды. Бағалы аң терілерінен тігілген киімдерді кезінде бай-бағландар киетін еді. Әрине, оның ішінде бәрі де бар. Бас киім дейсіз бе, сырт киім дейсіз бе? Бәлкім, қымбат жағалы пальто кигіңіз келетін шығар? Ақшасы бар адамға барлығы табылады. Оған айтар еш дауы­мыз жоқ. Айтарымыз, осы қымбат киімдер қайдан келеді деген сауал болып тұр.

Қызығы, көрсең көзің тоя­тын киімдер өзімізде тігілмейді екен. Әсіресе, жолы жіңішке жандардың көзінің құртына айналған аталмыш дүниелер сырттан тасылады. Бағасы да арзан емес. Қалтаңа едәуір олқы соқтырады. Дегенмен, одан тартынатын түріміз жоқ. Қымбат болса да, үстімізге іліп жүргенге кет әрі емеспіз. Жақ­сы делік. Алайда, соған қажетті ондатр және құндыздың қазақ жерінде өсетіндігін біреу біліп, біреу білмес.

Ондатр мен құндыздың отаны – Америка құрлығы екені белгілі. Ол алғаш рет Еуропа құрлығына өткен ғасырдың бастапқы кезеңінде жеткізілген. Одан кейін ға­ламшардың өзге де өңірлеріне таралған. Қырқыншы жыл­дардан бері қарай қазақ даласында да кездесе бастаған. Әсіресе, Сыр мен Әму өзен­дерінің бойын мекен еткен. Кезінде олардың бағалы те­рілерінен әп-әдемі бұйымдар жасаған шеберлер де аз бол­маған. Дегенмен, осы кәсіпті табыс көзіне айналдырған мекемелер мүлдем жоқ екен.

Дерек көздеріне сүйенсек, өте құнды ондатр 1956 жылы Арал аймағында кездескен. Сол жылдары елдің арасында «жұм­сақ алтын» аталған ондатр терісі мемлекетке тапсырылып отырған екен. Шамамен ал­ғанда, 234 мың жаңа тері өт­кізілген. Арада жиырма жыл­дай өткенде небәрі 72 дана ондатр терісі қабылданған. Сонда олардың қаншалықты азайып кеткенін аңғарасыз.

Сондай-ақ, құндыз жайында да осындай өкінішті деректер алдыңнан шығады. Қызығы, ол табиғатта өте аз жаратылған екен. Біздің еліміздің Іле, Шелек, Көксу, Сырдария, Шу өзендерінің бойында кездескен. Алғашқы аталған өзендер бойында олар қазір ара-тұра кездескенімен, соңғы екеуінде мүлдем көзден ғайып болған көрінеді. Әрине, бұл тұрғыда олардың есепсіз ауланғаны көзге көрініп тұр. Қолдағы барды ұқсата білмегеннен, осылайша бармақ тістеп отыр­ған жайымыз бар.

Расын айтайық, аталмыш тіршілік иелері әлемде жоғары бағаланады. Бағасы құнды терілерден көздің жауын ала­тын киімдер тігумен аты шыққан мемлекеттер де бар­шылық. Естуімізше, бағзы заманнан өркениеттің орда­сына айналған Грекия құндыз өсіру мен одан өнімдер шығару жөнінен өзгелерден оқ бойы озық тұрады. Тіпті, ежелгі Эллада елі кәріқұрлықта құндыз ішіктер елі атанып отыр. Жалпы, Еуропа елдері біздер үшін қай тіршілікте де өнеге көрсетіп отыр деуге болады. Атам заманда біздің аталарымыз алып барған қыз­ғалдақты бүгінгі таңда әлемге экспортқа шығарып отырған Голландияның сол тіршілігіне қарап, осы күндері қызы­ғушылық танытудан басқа амалымыз жоқ емес пе? Сол секілді құндыз бен ондатр секілді терісі бағалы аңдар біздің жерде кездескенімен, оларды да алақанға салып, аялай алмағанымыз өкінішті-ақ.

Құндызға байланысты қазақта түрлі атаулар бар. Атап айтқанда, көркем әде­биеттен білетін «құндыз бө­рік», «құндыз ішік», «құн­дыз жаға» деген секілді тіркестер кездеседі. Кезінде осы бағалы терілерден әдемі дүниелер жасаған шеберлер аз бол­маған екен. Өкінішке орай, осы күндері ондай адамдарды емге іздесең де таба алмай­тының ақиқат. Осындай киім­ге әуес қазекем оны шетелден қымбат бағасына алудан қым­сынар түрі жоқ.

Көп жылдан бері Сыр өңірінің табиғатын зерде­леуге байланысты зерттеу жұмыс­тарын жүргізіп жүрген био­лог Оразбай Қосанов аға­мыз­дың айтуынша, Сыр өңі­рінде құндыз бен ондатр көзге ұшырасып жататын. Әри­не, ол кезде қазіргідей нарық заманы емес. Қарапайым адам­дар оларды аулайтын. Қам­қорлық жоқтығынан олардың саны өте кеміп кетті. Еліміздің «Қызыл кітабына» енгізілді. Әрине, оны күтімге алып, бабын келтірсек, қыруар пайда табуға болады. Өкінішке қарай, елдің арасынан ондай белсенді аза­маттар шықпай отыр. Таби­ғаттағы кез келген дүниені орнымен пайдалана білгеннің артықтығы жоқ. Біріншіден, ол қыруар пайданың көзі. Екін­шіден, қан­шама адам кәсіптің көзін табады. Сондай-ақ, табиғат байлығына елдің арасында жа­нашыр сезім болар ма еді? Алайда, қазір оның бәрі құр арман болып тұр. Өзге елдердегі осындай тіршілікке еріксіз қызығасың.

Осыдан 10-15 жылдай бұрын Сыр өңірінде ондатр бағуды бір кәсіпорын қолға алған еді. Дегенмен, ол тіршілік аяқсыз қалды. Бәлкім, қаржы қол байлаған шығар. Бүгінгі күні елімізде инновациялық жоба­ларға маңыз беріліп отыр. Қал­та­сы қалың кәсіпкерлер осындай игілікті істі қолға алып жатса, оның пайдасы елге де тиер еді.

Әділжан Үмбет
«Сыр бойы» газеті, 16.02.2011ж.

Тектес мақала:
Құндыз өсіру

Құндыз шаруашылығын құнттай алмай отырмыз

Бөлісу

Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *