Шағын, орта және ірі кәсіпкерлік субъектілеріне қалай бөлінеді?

шағын орта ірі

Дара кәсіпкерлер мен кәсіпкерлікті жүзеге асыратын заңды тұлғалар жұмыскерлерінің жылдық орташа санына және жылдық орташа кірісіне қарай келесі санаттарға жатқызылады:

1) шағын кәсіпкерлік субъектілері, оның ішінде микрокәсіпкерлік субъектілері

Жұмыскерлерінің жылдық орташа саны 100 адамнан аспайтын және жылдық орташа кірісі айлық есептік көрсеткіштің 300 мың еселенген мөлшерінен (2016 жылға 636,3 млн. теңгеден) аспайтын, дара кәсіпкерлер мен заңды тұлғалар шағын кәсіпкерлік субъектілері болып табылады.

Жұмыскерлерінің жылдық орташа саны 15 адамнан аспайтын немесе айлық есептік көрсеткіштің 30 мың еселенген мөлшерінен (2016 жылға 63 630 мың теңгеден) аспайтын, жеке кәсіпкерлікті жүзеге асыратын шағын кәсіпкерлік субъектілері микрокәсіпкерлік субъектілері болып табылады.

2) орта кәсіпкерлік субъектілері

Жұмыскерлерінің жылдық орташа саны 101-250 адам аралығында және жылдық орташа кірісі айлық есептік көрсеткіштің 300 мың – 3 миллион еселенген мөлшері (2016 жылға 636,3 млн. – 6 363 млн. теңге) аралығындағы дара кәсіпкерлер мен заңды тұлғалар орта кәсіпкерлік субъектілері болып табылады.

3) ірі кәсіпкерлік субъектілері

Жұмыскерлерінің жылдық орташа саны 250 адамнан асатын және (немесе) айлық есептік көрсеткіштің 3 миллион еселенген мөлшерінен (2016 жылға 6 363 млн. теңгеден) асатын дара кәсіпкерлер мен заңды тұлғалар ірі кәсіпкерлік субъектілері болып табылады.

Айта кету керек, мемлекеттік қолдау және Қазақстан Республикасы заңнамасының өзге де нормаларын қолдану мақсаттары үшін:

1) есірткі, психотроптық заттар мен прекурсорлардың айналымына байланысты әрекетті;
2) акцизделетін өнімді өндіруді және (немесе) көтерме саудада өткізуді;
3) астық қабылдау пункттерінде астық сақтау жөніндегі қызметті;
4) лотереялар өткізуді;
5) ойын бизнесі саласындағы қызметті;
6) радиоактивті материалдардың айналымына байланысты қызметті;
7) банк қызметін (не банк операцияларының жекелеген түрлерін) және сақтандыру нарығындағы қызметті (сақтандыру агенті қызметінен басқа);
8) аудиторлық қызметті;
9) бағалы қағаздар нарығындағы кәсіби қызметті;
10) кредиттік бюролар қызметін;
11) күзет қызметін;
12) азаматтық және қызметтік қару мен оның патрондарының айналымына байланысты қызметті жүзеге асыратын дара кәсіпкерлер мен заңды тұлғалар шағын кәсіпкерлік, оның ішінде микрокәсіпкерлік субъектілері деп танылмайды. Олар орта кәсіпкерлік субъектілеріне жатқызылады.

Егер де бұл қызметтерді жүзеге асыратын дара кәсіпкерлер мен заңды тұлғалар ірі кәсіпкерлік субъектілерінің өлшемшарттарына сай келсе, онда олар ірі кәсіпкерлік субъектілері болып табылады.

Бөлісу

Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *