Шағын бейнестудия ашу

Осыдан 10-15 жыл бұрын қат болған фотоаппарат, камера қазір ешкімге таңсық емес. Тіпті қазір кез келген адамның қолында жүрген ұялы телефонның ішінде фото және камера қызметі жоғы кемде-кем.

Алайда жаңа технология біздің өмірімізге дәл осылай дендеп енсе де, кәсіби-әуесқой фотограф пен операторға әрдайым сұраныс бар.

Адамдардың табиғаты сол, өмірінде болған кез келген айтулы оқиғаны фото және бейнемұрағат етіп сақтағысы келеді. Сондықтан бәсекелестер көп болса да, шағын бейнестудияға сұраныс әрдайым табылады. Тек кәсіби қызмет көрсету керек.

Орын-жай. Шағын бейнестудия үшін бастапқыда арнайы ғимаратсыз да іс бастауға болады.  Ол үшін өз үйіңіздің не пәтеріңіздің бір бұрышы (техникалық жарақтарды және монтаж үстелін (бағдарламалық жабдықталған компьютер) қою үшін 1-2шаршы метр) жеткілікті.

Құрал-саймандар. Дербес шағын бейнестудия ашу үшін ең алдымен бейнекамера керек болады. Камералар негізінен әуесқой, жартылай кәсіби, кәсіби, кинокамера болып жіктеледі. Енді ғана іс бастаған сізге әуесқой мен кәсібидің ортасындағы бейнекамераны алу жеткілікті. Бейнекамерамен бірге оның штативін, микрофонын, жарық құралын, құлақбауды, бейнетаспалар жиынтығын алуды ұмытпаңыз. Қосымша батареялар да керек. Картаға жазатын камералардан гөрі, таспалық камералардың сапасы жоғары бағаланады. 

Екінші студия үшін маңызды жабдық – монтаждау бағдарламасы (дыбыс, бейне жазу, эффект жасау, т.т.) бар бейнекартасы мен жады, жедел жады жоғары компьютер.

Технология.  Бастапқы бизнес болғандықтан, студияның негізгі бағытын анықтап алыңыз. Сіздің студия той бизнесіне қызмет жасайды ма, әлде, белгілі бір телеарнаның бағдарламаларын қамтамасыз етеді ме? Әлде белгілі бір тапсырыстар бойынша деректі фильм, роликтер түсіреді ме? Бейнекамераға және монтажға деген сұраныс осындай аралықта кең. Егер сіздің студияңыздың операторы әуесқой болса, тәуекелге бармас үшін, алдымен той бизнесінде жұмыс жасап көрген дұрыс. Себебі бұл салада көрсетілетін қызметке өте жоғары талаптар қойылмайды, тек баршаға ортақ қағидаларға сәйкес, той иелерінің мұрағатында қалатын бейнетаспаны қамтамасыз етсең болғаны. Егер өзіңіз не студияға алған операторыңыз кәсіби болса, онда, ресми шараларды таспаға түсіріп беру мен роликтер бағытында жұмыс жасауға тәуекел етуге болады.

Қызметкерлер. Егер сіздің өзіңізде операторлық не бейнеинженерлік біліктілік болса, істі бір өзіңіз бастауыңызға болады. Туысқандарыңыздың бірін көмекші ретінде тартуға әбден болады. Келешекте ісіңіз жүріп кетсе, бейнеоператор және бейнеинженер ретінде келісім шартпен қызметкерлер аласыз.

Сату. Баспа және электронды хабарландыруларды қолдануға, студия орналасқан аумақта оларды жапсыруға және интернетте жарнама беруге болады. Сонымен бірге теледидарға жарнама беруге болады.

Той бизнесіне қатысы бар асабалармен қарым-қатынас орнатыңыз, олардың бірімен бейнеқызмет бойынша ұсыныстар табылып қалуы мүмкін. Қаладағы ресми шаралар әсіресе, баспасөз конференциялары өтетін орталықтарға өз қызметіңіз жайлы жарнама тастаңыз.

Болжамды есептеулер.

Шығыстар:

– бейнекамеражәне монтаж үстелі  = 400 000 теңге.

– бейнетаспа = 10 000 теңге.

Қорытынды: 410 000 теңге (егер Сіз өзіңіз оператор және бейнеинженер болсаңыз).

Табыс:

Той бизнестегі бір күндік түсірілім бағасы (аймақтарға байланысты) – 10 000 – 30 000 теңге аралығында. Ресми шараларды түсіру сағатына 5 000 -10 000 теңге аралығында. Бейнероликтер мен отбасылық деректі хабарлар жасау – 50 000-150 000 аралығында. Тынымсыз жұмыс жасаса және жарнамамен жұмыс жақсы жолға қойылса, кеткен шығында 3 ай мерзім ішінде ақтап шығуға болады.

Бөлісу

Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *