Мемлекеттік қызметке қалай орналасуға болады?

Егер Сіз Қазақстан Республикасы азаматы болсаңыз, жасыңыз 18-ден асса,  жоғары біліміңіз бар және кәсіби дайындығыңыз жақсы дәрежеде болса, онда мемлекеттік қызметке тұруға мүмкіндігіңіз бар.

Есте сақтаңыз! Мемлекеттік қызметке тұрсаңыз, сіз салық қызметі органдарына алатын табысыңыз бен сіздің иелігіңіздегі мүлік туралы ақпарат беруге міндеттісіз.

Мемлекеттік қызметке қабылдау конкурс негізінде іске асырылады. Орталық мемлекеттік органдар мен олардың аумақтық бөлімшелерінде, ведомстволарда конкурстың өтетіндігі жайлы хабарландыру Қазақстан Республикасының бүкіл аумағында таралатын мерзімді басылымдарда жарияланады. Жергілікті мемлекеттік органдарда өтетін конкурстар жайлы ақпарат жергілікті газеттерде жарияланады.

Егер сіз конкурсқа қатысамын десеңіз, онда мемлекеттік органға келесі құжаттарды тапсырыңыз:

1) өкілетті орган бекіткен форма бойынша өтініш;

2) өкілетті орган бекіткен форма бойынша сауалнама;

3) кадрларды есепке алу қағазы бойынша толтырылған жеке қағаз (мекен-жай және телефонды көрсетуге міндеттісіз);

4) біліміңіз туралы құжаттың куәландырылған көшірмесі;

5) жеке куәлік көшірмесі;

6) куәландырылған немесе жұмыс орныңыздағы кадр бөлімі тіркеген еңбек кітапшасының көшірмесі;

7) денсаулық жағдайы туралы анықтама;

8) 3х4 көлеміндегі 1 фотосурет

Назар аударыңыз! Құжаттар конкурс өтетіні туралы бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланған сәттен бастап хабарландыруда көрсетілген мемлекеттік органдардың мекен-жайларына 15 күнтізбелік күн  ішінде тапсырылады.

Конкурс бірнеше кезеңнен тұрады:

1. Әр конкурс шарттарына сәйкес, үміткерлер заңнама бойынша білімін тексеру үшін компьютерде тест сынағын міндетті түрде тапсырады.

Тест мақсаты – үміткердің жалпы мүмкіндігін бағалау.

Мемлекеттік әкімшілік қызметтің санатына байланысты түрлі тест бағдарламалары ұсынылады.

Қазіргі таңда тест бағдарламаларына заңнама бойынша білімді тексеру тестері, сонымен қатар, үміткердің мүмкіндігін тексеру мақсатында (санатына байланысты)  логикалық вербалды емес тест жатады.

Тестілеуге қатысатын үміткерлер Агенттікте немесе еліміздің 16 аймағындағы Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері бойынша агенттігінің жергілікті тестілеу орталықтарында, құжат қабылдау аяқталғаннан кейін 5 жұмыс күні ішінде тестілеуден өте алады (тестілеудің қай тілде өтуін үміткер өзі таңдайды).

2. Тесттен өткен үміткерлер келесі конкурстық кезеңге – әңгімелесуге өтеді. Әңгімелесу барысында үміткердің кәсіби және тұлғалық қасиеттері бағаланады.

3. Конкурстың шешуші кезеңінде конкурстық комиссияның отырысы өтеді. Комиссия ұсынылған құжаттар, тест пен әңгімелесу нәтижесі бойынша үміткерлерді бағалайды және мемлекеттік бос әкімшілік қызметке лайық үміткерлерді іріктейді. Үміткерлердің тек біреуі ғана бос лауазымды орынды иелене алады, ал екінші үздік үміткер кадрлық резервке ұсыныла алады.

Маңызды! ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің сайтында www.kyzmet.kz ҚР заңнамаларын білу бойынша өзіңіз үшін сынақ тесттен өте аласыз.

Мұны білген жөн (оқып шығыңыз):

1) Қазақстан Республикасының Конституциясы;

2) «Қазақстан Республикасы мемлекеттік қызметшілерінің Ар-намыс кодексі туралы» Қазақстан Республикасы Президентінің 2005 жылғы 3 мамырдағы № 1567 Жарлығы;

3) «Мемлекеттік қызмет туралы» Қазақстан Республикасының 1999 жылғы 23 шілдедегі № 453 Заңы;

4) «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес туралы» Қазақстан Республикасының 1998 жылғы 2 шілдедегі № 267 Заңы;

5) «Бос әкiмшiлiк мемлекеттiк лауазымдарға орналасуға конкурс өткiзудiң ережесін бекіту туралы» Мемлекеттік қызмет істері агенттігі төрағасының 1999 жылғы 24 қарашадағы № А-202 бұйрығы;

6) «Тестілеуді өткізу ережесін, Тестілеу программаларын және Тестілеу нәтижелерінің шекті мәнін бекіту туралы» Мемлекеттік қызмет істері агенттігі төрағасының 2008 жылғы 21 қаңтардағы № 02-01-02/11 бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2008 жылғы 28 қаңтарында № 5113 тіркелді.

Бөлісу

Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники

One response to “Мемлекеттік қызметке қалай орналасуға болады?

  1. Кайырлы кеш.мемлекеттик кызметке тагайындалу конкурс кашан отиледи?

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *